«Хан моласы» қорымы

 Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында орналасқан.

 «Хан моласы» атауы 1748 жылдары – ақ пайда болған. Ханның қазасы қабырғаларын қайыстырған ел бұл қорымды солай атаған. Алайда ХІХ ғасырдағы Ресей карталарында бұл жер «Хан сүйегі»,  «Қанды суық»  деп көрсетілген. Ең дұрыс атауы – «Хан моласы». «Хан моласы» жермен - жексен болып кеткен 942 қабірден тұратын үлкен қорым. Орналасқан жері Өлкейік пен Қабырғаның сағасында 3 - 4 шақырым қашықтықтағы қыраттың күнгей жақ беткейінде.  Ел ауызындағы деректерде, Н.Рычковтың, А.Левшиннің, Дербісәлінің жазбаларында Әбілқайыр ханның сүйегі осы қорымда жатқаны нақты айтылған.

Хан моласы аталған үлкен қорымда  1000-нан аса қорым бар. Солардың арасында  Әбілқайыр ханмен бірге қаза болған бір топ нөкерлері де бар. Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен тұрғызу мақсатында республикалық деңгейде конкурс жарияланып, Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия келіп түскен жобалар арасынан белгілі сәулетші Бек Ыбыраевтың ұсынған нұсқасын мақұлдады. Кешенде орналасқан үш стелла үш жүзді білдіреді. Биіктігі 23 метр. Үш стеллада ұлы жүздің 19 таңбасы, орта жүздің 18 таңбасы және кіші жүздің 25 таңбасы бейнеленген. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы Даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ағылай тасы пайдаланылған. Бұл тастың қасиеті күнге мүжілмейді, керісінше, берік бола түседі.



Бөлісу