Үшүңгір
Қарқаралы қаласынан солтүстік бағытта 3 шақырым жерде, Мәліксай шатқалының ішінде орналасқан. Шатқалдың етегімен ағып жатқан Тасбұлақ бұлағын жоғары қарай бойлай жүріп отырып, оң қапталдағы құз жартастардың жоғарғы жағында орналасқан үш үңгірдің орнын кезіктіруге болады. Халық арасында «үш үңгір» аталу себебі де сондықтан. Үңгірлер орналасқан жердің табиғаты тұмса, қалың орман, сарқыраған бұлағы мен көз тартар таулы жартастары бар, адам өмір сүруге де ыңғайлы мекен.
Тау жыныстары гранитті тақта тастардан түзілген. Осы тастардың арасында табиғи жағдайда қалыптасқан үш үңгірді алғашқы адамдар мекен еткен.
1947 жылы Мәліксай шатқалында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, үңгірлердің өлшемдерін анықтаған. Ортасында орналасқан үлкен үңгірдің аумағы шамамен 40 шаршы метр, биіктігі 3-4 м, ішіне 10-12 адам еркін сыйып кетеді. Қалған екі үңгір шағындау келген. Үңгірлердің аумағынан үй жануарларының сүйектері мен тас қырғыштар табылған. Академик Ә.Х. Марғұлан Қарқаралы өңірінде жүргізген зерттеулер барысында осы төңіректен алғашқы адамдардың тұрақтары мен қоныстарын анықтаған.
Ежелгі тас дәуірінде адамзат баласына тұрақ болған тас үңгірлер бүгінгі таңда қызықты зерттеу алаңы, тарихи мекен, көпшілік келіп тамашалайтын туристік нысан ретінде белгілі болып отыр.
