Тәттімбет Қазанғапұлы кесенесі
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Арқалық ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Композитордың қабірі темір дуалмен қоршалған. Ішінде үш қабір бар. Біріншісінде Тәттімбеттің әкесі – Қазанғап, екіншісінде – бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы – Қалайы, үшіншісінде Тәттімбеттің өзі жерленген. Қабірдің үстіне күйдірілмеген кірпіштен күмбезді кесене тұрғызылған.
Тәттімбет Қазанғапұлы – күйші, композитор, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйі бар.Этнограф ғалым, жазушы А. Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде Тәттімбетті қазақтың қоңыр күйлерінің дәстүрін қалыптастырып, тұтас бір күйшілік мектептің орнығуына мұрындық болған ұлы күйші ретінде бағалайды.
Ол 1842-1845 жылдар аралығында Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында болыстық қызмет атқарады. Бірақ бұл жұмыстан өз еркімен бас тартқан. 1855 жылы Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыру салтанатында Тәттімбет өнерпаз ретінде Сарыарқа қазақтарының өкілдерімен бірге Санкт-Петербургқа барған. Осы сапарында күміс медальмен марапатталады.
Тәттімбеттің көптеген күйлері қазақ композиторларының камералық-аспаптық, симфониялық және опералық туындыларында пайдаланылды. Мысалы, Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсында “Былқылдақ”, “Қос басар”; “Жамбыл” фильмінде “Сарыжайлау” күйлері орындалады. М.Сағатов Тәттімбеттің “Сылқылдақ” күйін эстрада оркестрінің сүйемелімен трубаға арнап пьеса жазды. Қарағанды қаласындағы өнер колледжі Тәттімбеттің есімімен аталады.
Нысан күйшінің рухына табыну мен зиярат ету орны болып табылады.
