Шалқар Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында орналасқан аудан. Аудан аумағы Өзбекстан Республикасымен, Қызылорда, Маңғыстау облыстарымен, Ақтөбе облысының Байғанин, Мұғалжар, Ырғыз аудандарымен шектеседі. Климаты шөлейтті, топырағы ашық қоңыр, жылжымалы құмды.
Табиғи байлықтардан да кенде емес өлке аумағында аңыздармен астасқан бағзы заманның жұрнағы іспеттес тарихы жұмбақ дүниелер бар. Соның бірі аудан орталығы Шалқардан Арал теңізіне қарай 90 шақырым қашықтықта жал-жал құмдардың арасында орын тепкен «Сынтас» биігі. Дөңес жердегі биіктігі 80 метрді құрайтын бұл қара тас ұрпақтан-ұрпаққа қыздың ат үстінде тұрған бейнесі деп жеткен. Оның айналасындағы әр түрлі өлшемде шашырай орналасқан тастарды бойжеткеннің керуеніне, отар қойына ұқсатуға болады.
Ұлы Борсық құмының іргесінде құмға қайырлаған кемедей алып «Сынтас» сан ғасырлар бойы жұмбақ сырын ішіне бүгіп тұр. Ол көзбен көргеннің қиялын сан саққа жетелейтін ғажап дүние.