ҚР Тұңғыш Президенті тарихи-мәдени орталығы

ҚР Тұңғыш Президенті тарихи-мәдени орталығы


Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы Теміртау қаласында орналасқан. 2011 ж. 22 қарашасында Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Орталықтың мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны арқылы Қазақстанның Тәуелсіздік алуы және ауыр индустрия алыбы-Қазақстан Магниткасының құрылу тақырыптарын ашып көрсету.

Орталықтың Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен Елбасының өмірі мен қызметін баяндайтын алты экспозициялық залы бар. Бірінші зал «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталып, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарының тарихы қамтылған. «Өз заманының перзенті» деп аталатын екінші залда Елбасының жастық шағы баяндалады. «Тұлғаның ерен қабілеті» атты үшінші залда Н. Назарбаевтың Қарағанды металлургия комбинатындағы еңбек жолының басталуы, студенттік жылдары, болашақ Президенттің отбасын құруына байланысты жәдігерлер бар.

Төртінші зал «Қазақстанның құрыш келбеті» деп аталады. Оның дизайны мен жаңа инновациялық технологияны пайдаланып жасаған экспонаттары келушілерде металлургиялық кәсіпорында болғандай әсер қалдырады. «Уақыт ағымында» атты бесінші залда Н.Ә. На­зарбаевтың саяси еңбек жолының басталуы, оның Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысынан бастап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайлану тарихы туралы құнды мәліметтер орын алған. Тәуелсіздік алған күннен қазіргі уақыт аралығындағы Елбасының басшылығымен іске асырылған жасампаз істер, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда болған елеулі қоғамдық-саяси оқиғалар және экономикалық жетістіктер туралы экспонаттар «Қазақстан жолы» атты алтыншы залда қойылған.



Бөлісу