Қаражартас қорымы

Қаражартас қорымы


Қарағанды облысы, Шет ауданы, Талды ауылынан шығысқа қарай 13 шақырым жерде Талды-Нұра өзенінің сол жағалауында орналасқан. Өзен жағалауының биіктеу террассасының жазығында салынған.

Құрамы 32 нысаннан тұратын қорым беғазы-дәндібай мәдениетінің аса жарқын ескерткіштерінің бірі болып саналады. Пирамидалы-сатылы үлкен тас кесене ескерткіштің орталық бөлігінде орналасқан. Қалған қатардағы қарапайым адамдардың кішкентай жәшікті қоршау түріндегі жерлеу орындары үлкен кесенені айнала қоршай орналасқан. 2016-2017 жылдары А.З. Бейсенов және И.А. Кукушкиннің жетешілігімен кесене мен жерлеу орындарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілді.

Сатылы-пирамида тәрізді кесененің көлемі 14×13,5 м, биіктігі 3 м.

Кесененің орталық бөлігінде адам жерленіп, үсті жалпақ тастармен жабылған. Үйіндінің әртүрлі жерінен қой, жылқының сүйектері табылды. Мұндай сүйектердің табылуы ғұрыптық жоралғылармен байланысты болуы мүмкін.

Зерттеу жұмыстары кезінде құрылыстың әр жерінен көптеген соңғы қола дәуіріне тән қыш ыдыстың бөліктері, қоладан құйылған жебе ұшы мен алтын сақина шыққан.

Қаражартас кесенесі көлемі жағынан бүгінгі таңдағы беғазы-дәндібай мәдениетінің элиталы тас жерлеу құрылыстарының бірі. Өлшемі бойынша Бұғылы-3 кесенесімен шамалас. Лай балшықпен бекітілген жерлеу құрылысы Арал өңіріндегі Солтүстік Түгіскен мен Ертіс өзені маңындағы Қараоба кешендерімен ұқсастықтары бар.

Пайдаланылған материалдарына, құрылыс жұмыстарының күрделілігіне қарағанда кесенеде осы өңірдегі байлығы асқан немесе жоғары билік өкілі жерленгендігін аңғаруға болады.

Осыған ұқсас Бұғылы-3, Беғазы, Айбас-Дарасы, Саңғыру тәрізді ірі кесенелердің бір аумақта шоғырланғандығы ол, Орталық Қазақстан аймағы беғазы-дәндібай мәдениетінің негізгі орталығы болғандығын айқындайды.

Қаражартас қорымына жақын келетін Байбала, Ақкезең, Ақкезең-2 Шортандыбұлақ, Шоқпартас және басқа да соңғы қола дәуірінің қоныстары бар. Осы ескерткіштердің барлығы қола дәуірінде Талды-Нұра алқабын мекендеген ірі тайпалық бірлестіктерден қалған.

Талды-Нұра өзені бойында, Қаражартас қорымына жақын жерде құрамында сақ дәуіріне тиесілі элитарлы обалары бар қорымдарда орналасқан.

Сонымен қатар, Қаражартас қорымынан батысқа қарай 4 шақырым қашықтықта ХҮІІІ ғ. өмір сүрген батыр, әрі би Сеңкібай Оразғұлұлы мазары бар.

Сарыарқаның алғашқы кеншілері мен ерте көшпелілері үшін Талды өзенінің қос жағасы үлкен өркениет ордасы болған сыңайлы. Сонау қола дәуірінен бастап осы заманға дейінгі тарихи ескерткіш кешендері тізбектеліп тұр.

Алдағы уақытта аумақтағы тарихи мұраларды мемлекет қарауына алып, насихаттау мақсатында Талды археологиялық паркін ашу жоспарлануда. Олай болса бұл маң бағзы кейпіне оралады, ескі тұрақтар толық аршылып, қайта жаңғыртпалары жасалады. Мұның барлығы өз кезегінде туристер мен келушілердің 4 мың жыл бұрынғы заманға саяхат жасауына мүмкіндік беретін болады.





Бөлісу