Қара дың ескерткіші
Орталық Қазақстанның исламға дейінгі (ж.с.д. VIII-X ғғ.) архитектуралық ескерткіштері ортаазиялық архитектуралық ескерткіштерден құрылысы бойынша ерекшеленеді. Сыртқы формасы киіз үй пішініне (жоғарғы бөлігі конус тәріздес) келеді. Осындай ескерткіштердің қатарына Қос үйтас, Қара дың сияқты ғұрыптық ескерткіштер жатады.
Қос үйтас Ұлытау ауданы Егінді елдімекенінің оңтүстігінде орналасқан. Көлемі жағынан дыңнан кішкентай дөңгелек пішінді тас құрылыс. Аралары бір-біріне жақын екі құрылыс жанынан қарағанда киіз үйге ұқсас. Жергілікті тұрғындар арасында «Қос там» деген атаумен белгілі. Біреуінің сақталуы өте нашар, екіншісі бұзылмаған күйінде тұр. Олардың батыс жағында беті күншығысқа қаратылған екі әйел адамның бейнесі салынған тас мүсін орнатылған. Бір тас мүсінде басына қыз ұзатуда киетін бас киім – сәукеле бейнеленген.
Қара дың ескерткіші Торғай өзенінің бір саласы Қаражыланшық өзенінің бойында орналасқан. Дөңгелек киіз үй пішіндес құрылыс ірі жұқа тастардан қаланған. Биіктігі 5 м, диаметрі 8 м болатын ескерткіштің жоғарғы бөлігінің солтүстік және оңтүстік жақтарында ойық жасап шығарылған. Қара дың өзінің құрылысы бойынша, Аягөз өзені бойындағы көпшілікке белгілі Қозы Көрпеш – Баян сұлу ескерткіші мен Жетісудағы Діңгек мұнарасына ұқсас. «Дың» және «діңгек» сөздерінің мағынасы жақын, Рубруктың мәліметі бойынша, мұнара немесе биік конус тәрізді архитектуралық құрылыс дегенді білдіреді. Ол «олар (қыпшақтар) бай адамдар үшін пирамида, яғни жоғарғы жағы сүйірленген үйлер салады және кейбір аудандардан тасы жоқ жерлер болса да тастан салынған үлкен мұнаралар көрдім» деп жазады.
Ескерткіштер ислам діні тарамай тұрған кезде (ж.с.д. VI-X ғғ.) тұрғызылған. Сыртқы құрылысы жағынан ислам дінінде таралған сәулет өнеріне ұқсамайды. Көшпелі мал шаруашылығымен айнлысатын халықтың үйлеріне (киіз үй) ұқсас салынған. Тағы бір ерекшелігі, ата-баба аруағын пір тұтқандықтан, осындай мәңгілік құрылыстың қасына өлген адамның бет-бейнесін ойып жасап қою дәстүрі болған.
Мұндай ғұрыптық кешендер жазықтау алаңқайда орналасады. Себебі, ата-баба аруағына ас беру мақсатында ыңғайлы жерлер таңдалған. Қайтыс болған адамның басындағы ескерткішті тірі кезіндегі үйіне ұқсатып қою көшпелі елдің дәстүрі болған. Ортағасырларда ата-баба аруағын пір тұту, сиыну рәсімдері (ас беру) өткізілетін «қасиетті» орындардың бірі ретінде Қос үйтас, Қара дың ескерткіштері де сол заманда рухани, діни орталықтың бірі болған.