Нармамбет кесенесі
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Ақсу ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан.
Нарманбет Орманбетұлы ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиетінің көрнекі өкілдерінің бірі. Әке-шешесі сөз қасиетін білетін, тілге шешен адамдар болған. Нарманбет 8 жасынан бастап мұсылманша сауат ашқан. Оның талабын байқаған әкесі Нарманбетті он төрт жасында Қарқаралыдағы орыс мектебіне береді. Жасынан елге білімді азамат ретінде танылады. Ақын өмірінің соңғы кездерінде Қарқаралыда болып, қоғамдық қызметтерге белсене араласқан. 1918 жылы кенеттен қайтыс болған.
Нарманбет жырлары сол уақыттағы қоғамдық қайшылықтарды әшкереледі, халықты оқу-білімге шақырды. 1939 ж. «Нарманбеттің өлеңдері» жинағы жарық көрді. Ғалым Е.Ысмайыловтың ақын жайлы жазған қысқаша талдауы 1941 ж. орта мектептің 9-шы сыныбына арналған əдебиеттік оқу кітабына еніп, кейбір өлеңдері хрестоматияда басылды. 1966 ж. «Айтыс» кітабының екінші томында Жуасбаймен айтысы жарық көрді. 1978 ж. Ленинградта басылып шыққан «Поэты Казахстана» атты жинақтағы өлеңдері Одаққа танылды. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан Нарманбеттің шығармашылығы кеңінен зерттеле бастады.