Солтүстік Тянь-Шань тауларының асыл алқасындай болған Көлсай көлдері – Алматы облысындағы ең танымал туристік орындардың бірі. Көлсай көлдерінің сансыз құпиясын ашар алғашқы «кілт» айдындардың атауында жасырылған, тіпті айқын көрсетілген десек те болады. Асқар таулардың бауырайындағы сайларда орын тапқан әсем көлдер Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағы аумағына кіреді. Көлсай көлдері шексіз көк аспанның алып айнасы іспеттес. Көлдер жүйесі Жоғарғы, Орта, Төменгі Көлсай көлдерін біріктіреді. Үшеуінің әрбірінде өзіне тән тылсым сыры, сипаттауға келмейтін, сөз жетпес сұлулығы бар. Сол тамашаның барлығын таныту мақсатында көлдерге апаратын түрлі жаяу жорықтар, атты экскурсиялар және серуендер жиі ұйымдастырылады.