Кент қалашығы
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында, Кент ауылынан 6 шақырым жерде, Кент таулы-орман алқабындағы Кызылкеніш өзенінің оң жағалауында орналасқан. Соңғы жылдардағы зерттеу жұмыстарының негізінде Кент қонысының мерзімделуі ж.с.д. XIII-IX ғасырларға жатады. Беғазы-дәнбідай мәдениетінің ең ірі қонысы. Кент қалашығы Орал мен Алтай тауы аралығында орналасқан аумақтағы көлемі жағынан қазірге дейінгі ең ауқымды соңғы қола дәуірінің қонысы болып табылады. Өзеннің оң жағында 15 га және сол жағалауында 12 ға жерді алып жатқан тастан салынған тұрғын-жайлар мен басқа да шаруашылық құрылыстары алып жатыр. Шеңбер, сопақша және сегіз тәрізді келетін, тастан салынған 100-ге жуық нысанның орны тіркелген. Осы уақытқа дейін 14 нысанда қазба жасалған және қазбаның аумағы 3000 шаршы метрден асады. Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, қонысты шамамен 2500-3000 адам мекендеген деп болжамдар жасалған.
Ескерткішке өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚарМУ археологиялық тобы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Негізінен қонысты құрайтын ескерткіштің мәдени қабатынан адамдардың тұрмыс іздері анық байқалады. Қоныстағы мәдени қабаттың қалыңдығы 1,2 м-ге дейін жетеді. 100 астам қола бұйымдар: балға, найза, жебенің ұштары, пышақ, қанжар, орақ, біз және т.б. тұрмысқа қажетті құралдар табылған. Одан бөлек, сүйекті ойып бұйымдар жасау дәстүрі жоғары дәрежеде дамыған. Сүйектен жасалған заттардың қатарына: жебе ұшы, ауыздық, «коньки», тарақ, біз, орақ жатады. Сүйектен жасалған заттардың ішінде өрнек салынған түймелер мен тоғалар және айнаның артына салынған өрнектерді ерекше атауға болады. Балға, кетпен, дәнүккіш және т.б. тас құралдар жоғары деңгейдегі шеберлікпен жасалған.
Кент қалашығы ежелгі көне қала ретінде қарастырылады. Оның құрамына Кент, Домалақтас, Ақымбек, Алат, Қызылтас сынды қоныстарды да кіргізуге болады. Орталық Қазақстанда осы Кент типтес Мыржық, Бұғылы І сияқты елді мекендер бар. Кент басқа мекендерден ауданының үлкендігі, тұрғындарының көптігі, ғұрыптық сипаттағы ғибадат ететін құрылыстар, шаруашылық және өндірістік аумақтар, айырбас-сауда орталығы қызметін атқаратын арнайы орындар, шаруашылық аймағы, басқарушылық, билік етушілік қызмет белгісін айқындайтын айрықша бұйымдардың болуымен ерекшеленді.
Кентті мекендеген тұрғындар мысты өндірумен ғана шектелмеген. Олар қола дәуірінің қалайы сияқты стратегиялық металын өндіру мен оны іске асыруды бақылаған, ұлы «қалайы» жолында делдалдық операциялар жасап, сауда істеріне де араласқан.
Көне замандағы шаруашылық-мәдени және сауда орталықтарының біріне айналған Кент қалашығының дамуына мал шаруашылығы мен металлургияның дамуы әсер еткен. Бұл өз кезегінде тайпалық бірлестіктің орталығы болғандығын көрсетеді. Осының нәтижесінде діни, рухани жағынанда басқару үшін ғибадатхана-храм тәріздес құрылыстар салынған. Оған зерттеу кезінде табылған культтік, ғибадат орындары дәлел.
Жан-жағын тау қоршап жатқан Кент қалашығы сол заманда қасиетті мекендердің бірі болған.


