Кейкі үңгірі
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы Қорғасын ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Кейкі үңгірі – халық батыры Кейкі жасырынған жер атауы.
Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы1916 жылы Торғай өңірі қазақтарының Ресей үкіметінің саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне, кейіннен кеңес билігіне қарсы қозғалысқа қатысқан атақты батыр, мерген. Оның «Кейкі» аталуының себебі – жасынан құс атып, аң аулап, өзен-тоғай аралап, кісіге онша қосылмай, кісі киіктеніп жүретін болған. Аса ерекше мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған Кейкі батырға қатысты ел арасында “Амангелді көз мерген, Кейкі қол мерген еді” деген сөз қалған. Сонымен бірге, ат үстінде сойыл, шоқпармен шебер шайқасқан.
Кейкі Көкембайұлы Ресей үкіметінің 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, барлауға жиі шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсеткен.
1923 жылы Кейкі батыр кеңес өкіметі өкілдерінің қолынан қаза табады.
Кейкі батырдың өмірі жайлы А. Нұрманов «Құланның ажалы» атты тарихи роман жазды. Сонымен қатар, С. Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны, А. Байжанның «Құлан Кейкі батыр» атты деректі хикаяттар жинағы, Ш. Байділдиннің «Кейкі батыр» жинағы және т.б. жарық көрді.
