Қазақтар асты дәм деп атайды. Халық арасында біреуді еске алғанда: «Дәмдес болып едік. Үйінен дәм татып едік», - деп, ренжігенде, өкпелегенде: «Дәм-тұзым атсын! Дәм-тұзыма салдым», - деп айтқан сөздерінің ұлт ұғымында өзіндік орны бар. Өйткені әр қазақ өздерінің жақындары мен туыс-жекжатттарына ғана емес, ел сыйлаған құрметті азаматтарына, қадірлі ақсақалдарына, аналарына өз үйінен дәм татыруды үлкен мұрат, парыз деп санаған. Ол жолдан күні бүгінге дейін танған жоқ. Тек таныстар емес, үйге келген кез-келген жолаушы, бейтаныс кісіге де дәм татырмай жібермеген, себебі ұлт ұғымында дәмде кие, қадір-қасиет, ырыс, береке-бірлік, тірлік бар деген терең түсінік тым ертеден-ақ қалыптасқан.