Сығанақ қаласының атауы Х ғасырдан бастап түркі және парсы-араб тарихшыларының (Мұхаммед Джувейни, Махмұд Қашқари, Фазлаллах ибн Рузбихан, Әбу Шама әл-Мақдиси) жазбаларында кездеседі. Ортағасырлық деректерге қарағанда, қала ХІ-ХІІІ ғғ. ДЕШТІ-Қыпшақ елінің, ХІІІ-ХІҮ ғғ. Ақ Орданың, ХҮ-ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткізген қала ХҮІІІ ғасырға дейін өмір сүргені мәлім.
Сығанақ қаласы өз заманында мәдениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі рухани білім орталықтарының бірі болды. Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі ̶ «Хұсрау мен Шырын» поэмасы (авторы: Құтб шайыр) осы Сығанақ шаһарында жазылды. Сондай-ақ, деректерде шығармалары шығыстық ақыл-ой жауһарлары санатында аталатын дарынды ғұлама Һисамиддин Сығнақидің осы қалада дүниеге келгендігі айтылады.
Сығанақ қалашығы бүгінде ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.