Бесікке салу – шілдехана өткеннен кейін баланың әке-шешесі бесік тойын жасайды. Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі немесе жасы үлкен қадірлі аналардың бірі әкеліп, сыйға береді. Ең алдымен бесікке салушы әйел бесіктің өзін жын-шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден арылту үшін отпен аластап шығады. Баланы жатқызып, бөлейді. Қолбау, белбеу және аяқбаумен тартып байлап қояды. Әйел тілектерін айта отырып бесіктің үстіне алдымен көрпе жабады. Ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі, көз тимесін деп тұмар тағады, қырандай болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды.