Беғазы қорымы

Беғазы қорымы


Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Беғазы өзенінің оң жағасында орналасқан.

Қорымда әртүрлі кезеңнің жерлеу орындары орналасқан. Басым көпшілігі, әсіресе ғылыми, әрі рухани және туристтік бағытта құнды мәліметтерді беретін кезең – соңғы қола дәуірі. Нақтырақ айтқанда, Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптасқан уақыт.

Ескерткіш алғаш 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының барлау жұмыстары (Ә.Х. Марғұлан) кезінде ашылып,1947-1952 жылдар аралығында зерттеулер жүргізілді. Соңғы зерттеулер 2003-2010 жылдар аралығында жасалып, ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Қазіргі таңда толықтай қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, қоршалып, ескерткіш тақтасы орнатылған.

Аумағы 10 га жерді алып жатқан қорымда 50-ге жуық нысан бар. Осы уақытқа дейін 18 оба мен 6 кесенеде қазба жұмыстары жүргізілген. Кесенелер шаршы пішінді, төрт қабырғасына үлкен ауыр тастар тұрғызылған, әрі шығысқа қарай дәлізі бар құрылыстардан тұрады. Ең үлкен құрылыстың өлшемі – 9,6х9,6 м. Дәлізінің ұзындығы 9 м, ені 4 м.

Қорым көне заманда тоналған. Зерттеу барысында сынған қыш ыдыстың бөліктері мен қола найза, жебенің ұшы, қола біз, өрнегі бар сүйектен жасалған қынап, сүйектен жасалған түйме, тас қайрақ табылған. Заттай құнды материалдар қатарында жылқы, сиыр, қой, марал мен арқардың сүйектері кездеседі. Осы арқылы көне замандағы жануарлардың тұрғындар өмірінде қандай маңызы болғандығын аңғаруға болады.

Құрылысы жағынан ескерткіш Қарағанды облысының ғана емес, Қазақстанның соңғы қола дәуіріндегі алыптасты ескерткіштерінің ең үлкені. Кесенелерді тұрғызуда, ұзындықтары бірнеше метрге жететін ауыр тастарды пайдалану арқылы алып құрылысты сала білуі, қорымды салған ежелгі тұрғындардың құрылыс ісін жақсы меңгерген шеберлігіне көз жеткіземіз. Мұндай ауқымды құрылыстарға әлеуметтік мәртебесі жоғары, бай немесе басқарушы «элита» өкілдерінің жерленгендігін байқатады. Кесенелерді тұрғызушылардың технологиясы мен жүйелілігіне, ауқымына қарай отырып сол замандағы қауымдастықтың алғашқы мемлекеттік белгілерін аңғаруға болады.

Сонымен қатар, қорым орналасқан аумақ көне заманда қасиетті орын ретінде қалыптасқан. Оған 6 кесене түріндегі үлкен құрылыстардың салынуы мен мұнда күрделі ғұрыптық рәсімдердің орындалғандығы мысал болады. Шығысқа бағыттала орналасқан дәліз құрылыстарыда күнге табыну, аруақты аспан әлеміне жөнелту, онымен байланыста болу, оған дұға ету сынды діни түсініктер негізінде жасалған болса керек. Қорымда аумағында қазіргі заманның молалары да орын алған.


Бөлісу