Ақбота-Сәңкібай шоқысы

Ақбота-Сәңкібай шоқысы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында орналасқан. Ол-екі бөлек үлкен ақ бор тау. Табиғат өз қолымен жасаған ғажап ескерткіш. Жем өзені жағынан алыстан аппақ болып көрініп тұрады. Көлемі, биіктігі аса үлкен болмаса да, тылсым сырымен, қатпар-қатпар жота, ертегідей пішін-сипаттарымен, өсімдік шықпайтын тауымен еріксіз баурап алады, кісіні таңғалдырады.

       Жергілікті тұрғындар кие тұтып, қадірлейтін бұл жердің атауында екі адамның аты аталды. Бірі-ХҮІІ ғасырда өмір сүрген Сәңкібай батыр. Екіншісі –Ақбота. Аңыз бойынша бұл жерде ХҮІІ ғасырда өмір сүрген, ақтабан шұбырынды жылдары қалмақтарды Еділ мен Жайықтан асыра қуу кезінде Әжібай би мен Арал батыр бастаған сарбаздарға қолдау көрсеткен Сәңкібай батырдың қызы Ақботаның қорымы жатыр деседі.

       Аңызда былай дейді: «Сәңкібай батыр Әбілқайырға сәлем бере кеткендде оның ауылын қалмақтар шауыпты деседі. Сол кезде төтеннен келген жауға тойтарыс беру үшін Сәңкібай батырдың 16 жастағы қызы Ақбота ауылдан қалған туған-туысты, малшы-жалшы жігіттерді жинап алып, өзі ер жігіттерше киініп, жауға қарсы шапқан. Сәңкібай Әбілқайырға барып келе жатқан тұста ауылына тиген жаудың жеңілгені туралы хабардар болады. Алайда қызының жазым болғанын батырға көшіп келе жатып, дөңнің басында жолыққан ауылдастары естіртеді.

       Сонда батыр: «Қызымның сүйегін адам мен мал аяғынан аулақ, сонау ақ тау басына тапсыралық»- депті. Содан бері биік шоқының төбесінде зират Ақботаның бейіті аталыпты деседі».

       Ақбота-Сәңкібай шоқысы теңіз деңгейінен 200 метр биікте тұр. Аумағы 10 гектар жерді алып жатыр. Шоқы табиғаттың өзі қолмен салған әдемі сурет сияқты. Алдынан қарағанда кең етек киген әдемі әйелді көз алдыңызға әкеледі. Бір қырынан қарағанда, шөгіп жатқан бота тәріздес. Тіпті, кейде теп-тегіс жерде тұрған борлы тау су бетінде жүзген аппақ ақ кемені елестетеді. Бүгінде Ақбота-Сәңкібай шоқысы дүние жүзі геологтары арасында «Шахмат ханшайымы» атауымен белгілі.

        


Бөлісу