Алашахан мазары

Алашахан мазары


Қарағанды облысы, Жезқазған қаласынан солтүстікке қарай 90 шақырым, Қаракеңгір өзенінің оң жақ аңғарында, Малшыбай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Кесененің нақты қай кезде салынғаны белгісіз. Алаша хан кесенесі порталды-күмбезді сәулет өнері үлгісіне жатады. Биік порталы мен он алты қырлы барабанға отырғызылған күмбезі бар. Күмбездің төбесінде жарық түсіретін дөңгелек саңылау жасалынған. Күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Кіреберіс сол жақ бұрышындағы баспалдақ арқылы жоғары көтеріліп, кесене үстіне шығуға болады. Кесененің сырты әр түрлі кірпіштерден геометриялық өрнектер жасау арқылы көркемделген. Кесененің маңайында көптеген кесенелер, сағаналар, ерекше қорымды құрайтын бірқатар обалар бар.

Алаша хан – халық аңызы бойынша «Алты алашты» құраған тайпалардың түп ата­сы. Ұлттық сананың қалып­тасуында Алаша хан бейнесі маңызды рөл атқарған. Ш. Уәлихановтың пікірінше, Түркістанның бір ханы (Қызыл Арслан) баласы ала болып туғандықтан, «Алаша» деген ат беріп, оны ұнатпай, Сыр бойынан Арқа өңіріне жібереді. Аз уақыттың ішінде оның маңайындағы жақтастары көбейіп, елдегі беделі жоғарылайды. Алаша білімпаз, кемеңгер адам болғандықтан, оны алашаға салып, хан көтереді. Алаша хан ел жадында жа­уынгер тайпалар – көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш Алаш (қазақ) мемлекетін құрған қай­раткер ретінде қастерленеді. «Алты алаш» сөзі Оғыздың алты ұлының соңынан ерген алты тайпа деген мағынада айты­лады. Алтын Орда құлаған соң «Алаш» көшпелі қазақтарды біріктіретін ұранға айналған. Сол уақыттан ел арасында мынадай сөз қалған: «Алаш Алаш болғанда, Ала­ша хан болғанда, біздің үйіміз ағаш киіз үй болған­да, Алаштың аты біздің ұранымызға айналғанда, сонда біз үш жүздің балалары қазақ атандық».

Ескерткіш туралы мәліметтер Ю.Шмид, М.Красовский және т.б. ресейлік саяхатшылар, топографтар, әскери қызметкерлердің жазбаларында айтылады. Бұл ескерткіш Ш. Уәлихановтың «О киргиз-кайсацких могилах (молах) и древностях вообще» атты мақаласында қарастырылған.

 Ескерткішті ғылыми тұрғыдан зерттеген Ә. Марғұлан оны ХІ ғасырда салынған қарахандық сәулет ескерткіштеріне ұқсата отырып, бұл кесененің салыну уақытын моңғол кезеңіне дейінгі ғасырларға жатқызады. Алаша хан кесенесіндегі моланы 1998 жылы антрополог ғалым О.Смағұлов арнайы зерттеулер жүргізу үшін қазды. Одан алынған адамның бас сүйегі Ресейге жіберіліп, ондағы ғалымдар жерленген адамның бас сүйегінің реконструкциясын жасады. Жалпы, жұмбағы көп Алаша хан кесенесі болашақта терең ғылыми талдауды қажет етеді.

Алаша хан кесенесі мемлекет қорғауына алынып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тарихи ескерткіш халық құрмет тұтып, зиярат ететін орын, сонымен қатар туристтік нысан болып табылады.




Бөлісу