“Айдарлыаша” геологиялық қимасы Ақтөбе облысы, Хромтау ауданында орналасқан. 1996 жылы дүние жүзі халықтарының Қытайда өткен Халықаралық геологиялық конгресінде Айдарлыаша қимасы карбон мен перм дәуірлерінің сақталған теңдесі жоқ орны деп танылған. Осы конгресте Айдарлыаша қимасына халықаралық геологиялық ескерткіш дәрежесі берілген.
Аудан территориясында 350 млн. жыл бұрын өткен карбон кезеңінің соңы мен пермь кезеңінің басындағы ежелгі жануарлар мен өсімдіктердің таңбалары сақталған Айдарлыаша қимасы бар. Ол көлемі 3 гектар, ені 200 метр, ұзындығы 1500 м болатын жіңішке алқап. Жер бетіндегі тіршіліктің дамуы туралы толық мағлұмат беретін мекен, оның өзге формасы басқа жерде кездеспейді. Айдарлыаша қимасы 50-ші жылдардан бері зерттеліп келеді.
Айдарлыаша өзенінің аңғары-таскөмір және перм жүйесі шекарасының тірек қимасы, аммоноидтар, фузулинидтер, конодонттар фаунасының орналасқан жері. Қима Новороссийск селосынан батысқа қарай 10 км жердегі Айдарлыаша өзенінің оң жақ құламалы жағасында орналасқан. Органикалық қазба қалдықтарының бірегей орны қимада біркелкі бөлінбеген. Қиманың оңтүстік бөлігінде фузулинидтер мен конодонттар басым таралған, аммоноидеялар сирек. Қиманың жалпы қуаты 988 м. Айдарлыаша өзенінің аңғары бірден-бір сақталған қазба органикалық қалдықтардың бірегей орны. Карбон мен пермьнің шекаралас қабаттарының қимасы белгілі бір жер мен уақытта тірліктің даму деңгейі, климаты, тұнбаның жинақталу жағдайлары туралы ақпарат береді.