Сөзге тоқтау

Сөзге тоқтау

Қазақта "Аталы сөзге арсыз да тоқтайды" деген мақал бар. "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ", - дейтін қазақ халқы қай заманда да қашанда жүйелі сөзге тоқтаған. Сөз асылын, орынды сөзді "аталы сөз" деп жоғары бағалаған. Бір ауыз сөзбен ердің құнын кешірген. Әр қазақ айта да, тыңдай да білген, оған тоқтай да білген. Олар: "Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме", - деп тілеген. Соған сәйкес хан, би, бай, төрелер де шешендер мен ақындарды төбесіне көтеріп сыйлаған.

Кіші жүздегі атақты Баймағамбет сұлтан өзі өлім жазасына кескен Шернияз ақынды шешендігі мен тектілігі үшін кешірім жасап, алдына мал салып берген.

Орыс қанішерлерімен он жыл соғысқан Кенесары хан дұшпандарына жол көрсеткені үшін Арыстанбай ақынды өлімге бұйырғанда, дар алдында тұрған ақын:

Кенеке, жақсы көрсең, қарашыңмын,

Жек көрсең де, өзіңнің алашыңмын.

Атаңа алты қатын алып берген

Атығай Қарауылдың баласымын! - дегенде, хан: "Аталы сөз айтып, аруақты ауызға алды ғой, босатыңдар", - деген екен.

Қыпшақ Досбол би жас кезінде Торғай дуаны жақсыларының қасына еріп, бір даумен шекті Есет батыр Көтібарұлының ауылына барады. Сөз сайысында дәлелді уәж шымбайына батып кеткен батыр тұсында ілулі тұрған қылышына зілмен қарағанда, бала Досбол:

- Қылышың мықты болса, кеше Ерназар, Бекет айдалғанда қайда болдың? - дегенде Есет тоқтап қалыпты. Міне, орынды уәж, дәл тауып айтылған сөзге қазақ жақсылары осылай тоқтаған және шешендердің жолын беріп, қазақтың салтымен құрметтеп аттандырған.

Сөз қадірін білген ақындар мен шешендер: "Сөз атасы өлмесін", - деп, қай жерде де тіліп сөйлеген. Олар хан, би, болыстардың кемшілігін халық алдында да, олардың көзінше де жасырмай айта білген, ал билік басындағылар от ауызды, орақ тілді ақындардан сескенген. Әз Жәнібек хан жанындағы Асан қайғы, Абылай ханның оң тізесін басқан Бұқар жыраулар ханның да, атақты батырлардың да сәл ағат істерін тайсалмай айтып, ұқтырып отырған. Хандар да ол ақындарға бас иіп, мойындаған, құрмет көрсеткен.

Бір ақынға мақтаншақ болыс: "Мен қандай болыспын, соны айтшы", - депі. Сонда ақын:

Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз,

Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.

Болысы бүгінгінің бәрі де арсыз,

Ішінде сол арсыздың сізде барсыз! - дегенде, болыс төмен қарап отырып қалыпты.

Мұндай тауып айту да, одан аспаған азаматтар да ел ішінде көп болған. Олардың сөзі ел-жұртқа ғасырдан ғасырға жетіп, асыл сөздің үлгі-өнегесі болып қалды. Бұл жақсы ғұрып күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.

Топ материалы

Серіктестер