"Көгенге түсіп" қайтқан жігітте қадір-қасиет қалмайды. Сәдір мына жігіттерге сол қорлықты көрсетіп жатыр" (Ғ. Мүсірепов).
Барымташыларды немесе қолға түскен ұрыларды қорлаудың, ауыр жаза тартып масқаралаудың бір түрі - екі қолын артына қайырып байлап, оларды кәдімгі қой көгендегендей етіп көгендеп ұстау. Ерте кездерде бұл ел арасында жиі қолданылған. "Көгенге түскендер" қара таңба басылғандай, күлкіге ұшырап, ар-ұятынан айырылған қадірсіз адам есебінде болады. Оларға ешқашан құрмет көрсетілмейді. Өле-өлгенше "көгенге түскен" аты ұмытылмай, кісі бетіне қарай алмай, төменшіктеп жүреді.