Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысы — Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысындағы әкімшілік-аумақтық бөлігі.

 1932 жылы 10 наурызда құрылған. 1997 жылғы 23 мамырдағы №3528 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен облыс құрамына таратылған Семей облысының территориясы қосылды.

  

Географиясы

Облыс орталығы - Өскемен (1720 жылы негізі қаланған)

Жер аумағы - 283 300 км2

халқының саны (2006) - 1 430 000 адам;

Өскемен - Астана - 1084 шақырым

Өскемен - Алматы - 1100 шақырым

Әкімшілік-аумақтық құрылысы

Ауылдық аудан - 9

Қала - 6

Аудандық маңыздылығы бар қала - 4

Облыстық маңыздылығы бар қала - 2

Кент - 24

Ауыл - 826

Әкімшілік бөлінісі

 

 Облыс құрамында 9 аудан:

Алтай ауданы

Глубокое ауданы

Зайсан ауданы

Катонқарағай ауданы

Күршім ауданы

Самар ауданы

Тарбағатай ауданы

Ұлан ауданы

Шемонаиха ауданы

2 облыстық маңызы бар қала бар:

Риддер

Өскемен

 

Тарихы

Түркістан – Сібір темір жолына арналған марка

Шығыс Қазақстан облысының аумағы ежелгі заманнан қоныстанған. Оның куәгері есебінде Алтайда, Зайсан қазаншұңқырында, Тарбағатай мен Сауыр жоталарында ежелгі кеніштердің, суландыру жүйелерінің, бекіністер мен қоныстардың іздері сақталған. 15 ғасырдың бас кезінде Ертіс өзені алабының жоғарғы бөлігін ойраттар басып алғаннан кейін бұл жер Жоңғар хандығының құрамында болды. 1758 ж. Қытай әскерлері Жоңғар хандығын жойып жібергеннен кейін, қалмақтар Еділ өзенінің арғы бетіне кетті. Ал қалмақтардан ығысып, негізінде Сарыарқаны мекендеген қазақ рулары өздерінің ежелгі қоныстарына қайтып оралды. 18 ғасырдың бас кезінде патшалық Ресей қазақ жерін тереңдей отарлау мақсатымен қазақтарды ата қонысынан тықсыра отырып, қазіргі облыс аумағында Ертіс бекіністер желісін салды. Осы желінің бойымен біртіндеп бекіністер мен форпосттар жүйесі, ал одан кейініректе казак-орыс станицалары құрылды (1718 ж. Семей, 1720 ж. Өскемен, 1763 ж. Бұқтырма бекіністері) салынды. Казак-орыстардың мекендері Ертістің оң жағалауы мен оның салаларының бойында пайда болды. Ертіс өзенінің екі бірдей жағынан он шақырымдық шұрайлы жерлер (“Иртышская десятиверстная полоса”) қазақтардан тартып алынып, казак-орыстардың пайдалануына берілді. Яғни, қазақтарға Ертіс өзеніне 10 км-ден жақын жерде қоныстануға тыйым салынды. Қазақтар ең шұрайлы жерлерінен айрылып, ата қоныстарының атауларын жоғалтты, олардың орнына карта беттерінде сақталған орысша атаулар пайда болды. Бүкіл Ертіс өзеніне құятын салалары мен жыра-сайлар, жылғалар орысша аталып кетті. Станицалар біртіндеп оңтүстікке және оңтүстік-батысқа қарай жылжи берді. 1826 ж. Қалба жотасының етегінде Көкпекті бекінісі, 1831 ж. Аягөз өзенінің оң жағасына таяу қазіргі Аягөз қаласына жақын жерде Сергиополь бекінісі, Шәуешек жолының бойында станицалар пайда болды.

 Казак-орыс отарлауымен бірге Алтайдың тау аңғарларының шалғайдағы жетуі қиын тайгалық түпкірінде патша өкіметінен тығылып, қашып жүрген орыстар келе бастады. Олар кержактар (ескі ғұрыпты адамдар) мен Оралдың және Алтайдың зауыттары мен кеніштерінен қашқан жұмысшылар мен қолөнершілер еді. Бұлар Бұқтырманың жоғарғы ағысы мен оның салаларының және Нарын мен Қалжыр өзендері бойларында қоныстанды. Осы кезде Қатонқарағай, Белая, Черновая, т.б. ауылдар пайда болды. 18 ғасырдың 60-жылдарында Алтайдың солтүстік-батыс жағында Оба мен Үлбі өзенінің аңғарларында Ресейдің ішкі губернияларынан “поляктар” деп аталған шаруалар келіп қоныстанды. 18 ғасырдың соңында Кенді Алтайдың шегінде кен өнеркәсібі пайда болды. Мұнда бірінен кейін бірі Риддер (1784), Зырянов (1794), Белоусов (1797), Сокольный (1822), т.б. түсті металл кеніштері іске қосылды. 1844 жылдан Зырянов кеніші Алтай кен зауытттарының шикізат базасына айналды. Ресейде басыбайлылық құқықтың жойылуы салдарынан арзан жұмыс күшінен айрылған және тех. қайта құруды керек еткен Алтайдың кен өнеркәсібі күрт құлдырай бастады. Оны осы кезде Алтайдың кен өнеркәсібінің негізгі өнімі болып саналатын – күміс бағасының арзандауы ушықтырып жіберді. Алтай зауыттарының түгелдей дерлік жабылуымен бірге Алтайдың басыбайлылық кен өнеркәсібі ауданы, кейбір полиметалл кеніштері австралиялық, ағылшындық, франциялық, т.б. шетелдік капиталға концессияға берді.

 19 ғасырдың соңынан бастап Семей қаласында өңдеу өнеркәсібі біршама дами бастады. Оның негізгі салалары: ұн тарту мен жүн жуу болды. Жиналған астық пен бидай ұны Ертіс арқылы кемемен 600 км-дей жердегі Сібір темір жолына жеткізіліп тұрды. Ал Қазақстанның бүкіл шығыс бөлігінен және ішінара Шыңжаң аймағынан (Қытайдан) жиналып әкелініп Семейде жуылған жүн алғашқы өңдеуден өткеннен соң, еуропалық Ресейдің шұға фабрикаларына жеткізілді. Өнеркәсіптің бұл екі саласынан басқа облыс жерінің әр тұсында орналасқан ірі елді мекендерде арақ-шарап пен сыра қайнату, сондай-ақ тері илеу, тон тігу, май және сабын қайнату өндірістері де болды. Зайсан, Марқакөл, Алакөл көлдері мен Ертіс өзенінің салаларында балық аулау кәсібі, Риддер мен Алтай ағаш және темір ұсталық кәсіптер орын алды. 19 ғасырдың екінші жартысында Ертіс өзенінде пайда болған кеме жол қатынасының маңызы күшейді. Кемелер Семейден Омбыға дейін, Зайсан көлі мен Қара Ертіс бойымен жоғары көтерілді.

 Шығыс Қазақстан облысы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында елеулі дами қойған жоқ. Тек 20 ғасырдың 30-жылдары ауыл шаруашылығын ұйымдастыру және елді индустрияландыру науқанын жүзеге асыруға байланысты Кенді Алтай Қазақстандағы түсті металлургия мен кен өнеркәсібінің ең ірі орталығына айналды. Алтайдың қазақтар тұратын бөліктерінде сан алуан елді мекендер пайда болды. Облыс экономикасының әрі қарай дамуына Түркістан – Сібір темір жолы мен Локоть – Риддер және Өскемен – Зырянов темір жолын салу, Ертіс өзенінің көліктік маңызын көтеру, Түрксіб темір жолы Жаңғызтөбе стансасынан басталатын “Шығыс айналма жолы” деп аталған жақсартылған қара жол салу едәуір әсер етті.

 Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары облыс экономикасы тез қарқынмен дамыды. Ертіс өзенінде Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі электр стасасылары салынды. Кенді Алтай бойында түсті металл өндіретін жаңа кеніштер мен оны өңдейтін металлургиялық кәсіпорындар, Семейде бұрынғы одақ көлемінде қуаты жағынан КСРО-да екінші орын алған ет комбинатының қуаты артып, Өскеменде титан-магний комбинаты, жасанды жібек комбинаты сияқты көптеген өнеркәсіп орындары пайда болды. Республикалық маңызы бар Алматы – Семей және облыс ішінде өнеркәсіп орындарын темір жолы стансасыларымен және ауылдық елді мекендерді ірі қалалармен, аудан орталықтарымен байланыстыратын облыстық маңызы бар көптеген автомобильдік жолдары салынды.

 

 Табиғаты

Шығыс Қазақстан облысының жер бедерінің құрылысы өте күрделі. Таулары мен жоталары

 Ертіс өзенінен шығысында: Кенді Алтай, Тікирек, Черный, Оба, Становой, Көксу, Иванов, Қоржын, Үлбі, Қызылқарағай, Нарын, Сарымсақты, Тарбағатай, Оңтүстік Алтай, Күршім және Азутау жоталары мен олардың сілемдері

Ертіс өзенінен батыста:Қалба жотасы, Семей, Арқалық, Мыржық, Қараадыр таулары, Ханшыңғыс, Шыңғыстау, Ақшатау жоталары

Зайсан көлінің оңтүстігінен: Тарбағатай, Сауыр және Маңырақ жоталары.

Ертіс өзенінің екі жағындағы жоталар аралықтарында оқшаулана орналасқан таулар мен шоқылар: Майлықара, Белтерек, Айыртау, Арқат, Сандықтас, Жағалбайлы, Көктас, Атбас, Арасантау, т.б.

Облыстың оңтүстік мен оңтүстік-шығысына Зайсан көлінің қазаншұңқыры орналасқан.

Облыстың қиыр солтүстік-батыс бөлігін Бесқарағай ауданының бүкіл аумағын қамтитын Балапан жоны алып жатыр.

Пайдалы қазбалар

Шығыс Қазақстан облысының жер қойнауы кен байлықтарына бай. Мұнда мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын, кадмий, сүрме, күшәла, темір, күкірт, висмут, индий, галий, селен, теллур, сынап, қалайы, тантал, ниобий, молибден, вольфрам, титан, никель, кобальт, көмір, жанғыш тақтатас, сондай-ақ әр түрлі химиялық шикізаттар мен құрылыс материалдарының кен орындары бар.

 

 Климат

Облыстың климаты тым континенттік.

Температурасы:

Қаңтардың жылдық орташа ауа температурасы

жазық өңірінде –17°С

биік тауаралық тұйық қазаншұңқырларында –26°С-қа дейін барады

Шілдеде 19 – 23°С.

Жауын-шашын:

солтүстік-шығысында 350 – 380 мм

оңтүстік-шығысында 250 – 300 мм

батысында 200 – 250 мм аралығында

Кенді Алтайдың батыс бөлігінде 1000 – 1500 мм

Облыс бойынша вегетациялық кезең 175 – 200 тәулікті құрайды.

  

Су ресурстары

Облыстың, әсіресе Кенді Алтай өңірі жер беті суларына бай. Олар Ертіс өзені мен Балқаш – Алакөл алаптарына жатады және негізінен өзендерден тұрады.

 

 Өзендер

Ертіс (республикадағы ең үлкен өзені):Ол облыс аймағын Қытай Халық Республикасы шекарасынан бастап солтүстік-батыс бағытта қиып өтеді. Зайсан көліне дейінгі бөлігін Қара Ертіс деп атайды. Ертіс өзенінің ең ірі салалары: Қытай, Қалжыр, Қалғұтты, Күршім , Нарын, Қайыңды, Бұқтырма, Үлбі, Оба, Шүлбі, Жарма, Құсты, Еспе, Шорға, Боғас, Жүзағаш, Бөкен, Манат, Тайынты, Абылайкит, Ұлан, Дресвянка, Жартас, Құрық, Қызылсу, Шар, Шаған.

Балқаш – Алакөл көлдерінің алабындағы ең үлкен өзендері (Еміл, Қатынсу, Үржар, Үлкен Текебұлақ, Қарақол, Ай, Аягөз, Бақанас) бастауын Тарбағатай, Ақшатау, Шыңғыстау, Ханшыңғыс жоталары мен Көкшетаудан алады.

Көлдер

Облыс көлдерге онша бай болмаса да, мұнда Қазақстандағы ірі көлдер – Зайсан мен Марқакөл, оңтүстік-шығысында Алакөл мен Сасықкөл орналасқан. Басқа көлдері ұсақ және олар облыстың оңтүстік-батыс жағында, көбінесе Шар мен Шаған өзендерінің және Аягөз бен Ай өзендерінің ұсақ шоқылы, жазықтау келген суайрықтарында орналасқан.

Облыста Ертіс өзені мен оның салалары суының өнеркәсіп пен халықты сумен қамтамасыз етуде үлкен маңызы бар. Сондықтан оларда ірі Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі бөгендері мен СЭС-тер салынған. Бұларға қоса Нарын, Бұқтырма, Үлбі, Оба және Шүлбі өзендері ағаш ағызуға кеңінен пайдаланылады. Өзендер мен көлдердің (Зайсан, Алакөл, Марқакөл, т.б.) балық аулауда да едәуір маңызы бар. Облыстың Алтай аймағында минералды шипалық көлдер көп. Шығыс Қазақстан облысы жер асты суына да бай. Ол халықтың тұрмыстық қажетін өтеу және мал суаруға ғана емес, онымен бірге сан-алуан кеніштер мен кәсіпорындарды да сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады.

 

 Топырақтары

Облыстың топырағы мен өсімдік жамылғысы жазық бөлігінде ендік белдем бойынша, ал таулы аудандарда биіктік белдем бойынша тараған. Бірақ бірқатар жерлерде бұл белдемдер жер бедерінің, жергілікті климаттың ерекшеліктеріне, өзендер мен көлдердің жақын болуларына байланысты айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Облыстың батыс жағында, ұсақ шоқылар тараған аудандарда солтүстіктен оңтүстікке қарай топырақ жамылғысы оңтүстіктің қара топырағынан шөлді-далалық топырақтарға ауысады. Ертістің оң жағалауындағы құмдақ топырақта таспалы қарағай орманы, ал оңтүстік қара топырақта бетегелі-селеулі өсімдіктер тараған. Қызғылт қоңыр топырақ Шыңғыстау жотасының етегінде бозғылт қоңыр топыраққа ауысады. Бұл топырақта бетегелі-селеулі өсімдіктермен аралас жусан да көп өседі. Қалба мен Шыңғыстау жоталарының гранитті қыраттарында кішігірім қарағайлы және қайыңды-теректі ормандар кездеседі. Зайсан мен Алакөл қазаншұңқырларында шөлдің сұр, сұрғылт және далалық топырағы (сұр топырақ) тараған. Зайсан қазаншұңқырында бұл топырақ арасында аздап сор және сортаң топырақ кездеседі. Ал Алакөл қазаншұңқырында олар әдетте сортаңданған. Зайсан қазаншұңқырында бозғылт қоңыр топырақ пен құмды алқаптар (Бозайғыр және Ақжан) тараған. Қазаншұңқырлардағы өзен жайылмаларында шалғынды-батпақты топырақ қалыптасқан. Зайсан қазаншұңқырында өсімдіктерден шашақты селеу, жусан, ал шағын өзен аңғарларында далалық шалғындар, Зайсан көлі мен Ертіс өзенінің жағаларында қамыс-құрақ көптеп кездеседі. Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарының топырақ және өсімдік жамылғыларында биіктік белдемдер айқын байқалады. Кенді Алтайдың төменгі биіктіктеріндегі далаларда ауыр саздақ және саздақ қара топырақ тараған. Олардан жоғары сұр топырақ пен күлгінденген қара топырақ, ал одан биікте таулық сұр күлгін топырақ тараған. Келесі белдеуде таулық шалғынды топыраққа, одан кейін таулық тундраға ауысады. Оңтүстік Алтай мен Сауыр таулары жоталарының төменгі бөліктерінде (тиісінше 600 – 800 м-ге және 1200 – 1300 м-ге дейін) түпкі жыныстардың және саздақ шөгінділердің үстінде таулық күрең топырақ тараған. Олардан жоғары қаратопырақ белдеуі, тау беткейінде таулық қарашіріндісі аз және шымтезекті топырақ, тауаралық қазаншұңқырларда таулық қошқыл қаратопырақ қалыптасқан. Ең биік жерлерде таулық тундра топырағы орын алған. Тарбағатайда қызғылт қоңыр және қаратопырақпен бірге шөптесін өсімдікті таулық шалғынды және орманды телімдерде орманның сұр топырағы тараған.

  

Өсімдіктер

Алтайдың баурайын шымды-астық тұқымдас шөптер даласы, одан төменірек бетегелі-селеулі, ал жоғарырақта қайыңды-теректі шоқтоғай аралас шөпті-селеулі дала алып жатыр. 700 м және одан биіктеу жерлерде астық дақылды аралас шөпті шалғын алмасқан қылқан жапырақты орман белдеуі басталады. Кенді Алтайда самырсынды-шыршалы-қара самырсынды ормандар басым келеді, ал Оңтүстік Алтайда олармен сібір қара самырсыны аралас өседі. Сауыр жотасының жапырақты ормандарында Тянь-Шань шыршасы өседі. Кенді Алтайда орманды белдеуден жоғары субальпілік, альпілік шалғындар өседі, одан биікте олар қыналарға ауысады. Тарбағатайда алма ағаштары және теректі ормандар тараған.

 

Жануарлар

Шығыс Қазақстан облысының жануарлар дүниесі өте бай. Мұнда табиғатының әр түрлі болуына байланысты таулық жануарлармен бірге қарағайлы ормандар, далалар және шөлейт жануарлары көп тараған. Алтай мен Сауырдың және Ертіс маңы ормандарында тиін, ақтышқан, кәмшат сияқты қымбат елтірілі аңдардың және құстардың кәсіпшілік маңызы бар. Алакөл мен Зайсан қазаншұңқырларының су қоймаларында ондатра жақсы жерсіндірілген. Ертіс пен оның салаларында, Марқакөл, Зайсан және Алакөлде, Ертіс бойындағы Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі бөгендерінде балықтың көптеген түрлері, оның ішінде стерлядь, таймень, хариус сияқты бағалы балықтар көптеп кездеседі. Олардың негізінде балық аулау мен балық өңдеу кәсіпшілігі ұйымдастырылған.

 

Облыста Қазақстан халқының 9,4%-ы шоғырланған.

 59,4%-ы қалалық жерлерде

40,6%-ы ауылдық жерлерде

Адамдардың саны

Өскемен - 340,0 мың

Семей - 322,0 мың

Риддер - 52,0 мың

Зырянов - 40,1 мың

Аягөз - 36,6 мың

Зайсан -15,2 мың

Шемонаиха -16,1 мың

Шар - 7,5 мың

Курчатов - 10,1 мың

Серебрянск - 0,3 мың

Глубокое, Үлбі, Шүлбі, Жезкент, Белоусовка, Жаңа Бұқтырма, т.б. кенттерде, өнеркәсіптік маңызына қарай тұрғындар саны 0,3 мыңнан 10,0 мыңға дейін жетеді.

 

 Тығыздығы

Облыс халқының орташа тығыздығы әр 1 км2-ге шаққанда 5,1 адам. Халықтың ең жиі қоныстанған жерлері – Ертістің оң жағалауы, әсіресе Кенді Алтайдың тауаралық жазықтары. Глубоков, Бородулиха және Шемонаиха ауданында бұл көрсеткіш 9-дан 12,7 адамға, ал Өскемен қаласының төңірегінде 186 адамға, Семей қаласының төңірегінде 133,5 адамға дейін барады. Ауылдық жердің қоныстануы да әркелкі.

 

 Ұлттық құрамы

қазақтар - 61% астам

орыстар - 35% астам

басқа ұлттар - шамамен 4%

  

Экономика

Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанның ең ірі индустриялды-аграрлық аймағы саналады. Шаруашылығының басты саласы – өнеркәсіп. Оның құрамында кен өндіру, түсті металлургия, энергетика, машина жасау, құрылыс материалдар өнеркәсібі, ағаш өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіптері дамыған. 2006 ж. облыс өнеркәсібінің барлық салалары 399,1 млрд теңге көлемінде өнім өндірді, бұл бүкіл ел өнеркәсібі өндірісінің 6,2%-на тең.

  

Кен өндіру өнеркәсібі

Шахта

Облыс өнеркәсібінің негізін кен өндіру өнеркәсібі құрайды. Бұл салада 197 нысан жұмыс істейді (2006). Негізгі өндірілетін өнімдері – түсті металл (мыс, мырыш, күміс), алтын, титан, көмір. 2005 ж. облыс бойынша 10,8 млн т түсті металл кентасы өндірілді. Кентасты негізінен Риддер және Зырянов полиметалл кен аудандарындағы “Қазақмырыш” АҚ-на қарасты кеніштер, Ертіс маңы полиметалл кенді ауданындағы “Қазақмыс корпорациясына” қарасты кәсіпорындар өндіреді. Асыл металл өндіру саласы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 27 кәсіпорын бар. Оларда 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 17,3 т алтын өндіріледі. Негізгі алтын өндірушілерге “Бақыршық” кен кәсіпорны, “ФИК”, “Алел”, “Алтынтөбе” АҚ-ның, “Андас Алтын”, “Даңқ”, “Жерек”, “Іnter Gold Capital” ЖШС-терінің кеніштері жатады. 2006 ж. Өскеменнің титан-магний комбинатын жергілікті шикізатпен қамтамасыз ететін (Көкпекті ауданында) Сәтбаев атындағы ильменит құмының кен орны іске қосылды. Ол жылына 15,0 мың т ильменит концентратын береді. Облыстағы көмір өндіру 6 нысан бойынша жүзеге асырылады. Ол негізінен “Қаражыра ЛТД” ЖШС-не қарасты Қаражыра, Кендірлік және Алакөл кен орындары.

 Облыс өнеркәсібінің басты түсті металлургиясы“Қазмырыш”, “Өскемен титан-магний комбинаты”, "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ-дары, "Қазақмыс корпорациясы” АҚ-ның “Шығыс Қазмыс” бөлімшесін, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкісінің РМК “Қазақстан монета сарайы”, “Қазниобий Ертіс химия-металлургия зауыты”, “Ертіс сирек элементті компаниясы”, “Қазмырыштех” ЖШС-терін қамтиды. Бұл кәсіпорындар өздерінің шығарған сан алуан, бағалы өнімдері бойынша дүние жүзіне белгілі.

  

Электр энергетикалық кешені

Облыстың электр энергетикалық кешенінің құрамында Ертіс өзеніндегі Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі СЭС-тері, Үлбі мен Громотуха өзендері бойындағы Риддер СЭС каскадтары, Өскемен, Риддер, Семей ЖЭС-тері, т.б. кәсіпорындар бар.

  

Машина жасау және металл өңдеу өнеркәсіп

Облыстың машина жасау және металл өңдеу өнеркәсіп кешені 18 ірі және қуаты орташа кәсіпорындарын біріктіреді де, мұнай кәсіпшілік және металлургия өнеркәсібі жабдықтарын, тұрмыстық электр қозғалтқыш пен сорғыларды, конденсаторлар, техникалық және кабельдік өнімдер, металл бұйымдарын пісіретін электродтар, т.б. көптеген өнімдер жасап шығарады.

 2006 ж. бұл саланың кәсіпорындары 26,8 млрд теңге өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Кейінгі жылдары облыстың машина жасау өнеркәсібі жаңа кәсіпорындармен толықты.

2003 ж. Өскемен “Бипэк-Авто” компаниясы АвтоВАЗ компаниясымен бірлесіп жеңіл автомобиль зауытын іске қосты.

2005 – 2006 ж. осында “Шкода” жеңіл автомобильдерін құрастыру жөніндегі линиялар, “Семей машина зауыты” АҚ-ның негізінде автомобиль агрегаттары мен түйіндерін шығаратын желі іске қосылды.

Болашақта Өскемен, Семей қалаларында, т.б. жаңа машина жасау кәсіпорындарын орналастыру көзделген.

 

 Ағаш өңдеу өнеркәсібі

Шығыс Қазақстан облысының ағаш өңдеу өнеркәсібі негізінен “Ертістрансойл”, “Жаңасемейшпалзауыты”, “Өскемен Иннотекс”, "Өскемен жиһаз комбинаты" сияқты құрамында бірнеше нысандары бар 4 ірі және орташа қуатты кәсіпорындарды қамтитын ЖШС-терден тұрады. Олар кесілген ағаш материалдарын, дайындамалар, үй салуға қажет бөренелер, терезе мен есік жақтауларын жасауға маманданған. Жиїаз жасау өнеркәсібінің құрамында 119 кәсіпорын бар, олардың алтауы ірі және орта қуатты. Жылына 30 мың м3 фанера, жиһаздық тақта, ДСП шығаратын өндіріс Бородулиха ауданында іске қосылды.

  

Жеңіл өнеркәсіп

Облыстың жеңіл өнеркәсібі тігін және тоқыма бұйымдарын, мата-жүн, аяқ киім, құрылыс киізін, тон және былғары бұйымдарын өндіретін “Рауан” АҚ-н, “Семмамжабдық фирмасын”, “Ника”, “Семей байпақ-шұлық фабрикасы”, “НИМЭКС-Текстиль” ЖШС-терін, “Қазруно” СФ АҚ-ын, “Роза”, “Тыныс-V” және “Семей былғары-аң терісі комбинаты” ЖШС-ын қамтиды. Бұлардың құрамында 133 кәсіпорын бар, олардың 118 тоқыма және тігін саласына, 15 былғары, былғары аяқ киім және бұйымдар шығаратын салаға жатады. Бұл өнімдердің біраз бөлігін зағиптар мен кереңдер қоғамдарының оқу-өндірістік кәсіпорындары жасайды.

 

 Тамақ өнеркәсібі

Шығыс Қазақстан облысыда тамақ өнеркәсібі саласы да жақсы дамыған. Оның құрамында "Семей ет комбинаты" АҚ, “Шемазат” ЖШС (Риддер ет комб.), “Эмиль” ЖШС, “Шығыс-сүт” корпорациясы жұмыс істейді. 2005 ж. бұл сала (толықты):

 Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылындағы балық өңдейтін “Балық Продукт Восток”

Глубоков ауданындағы “Аргонавт ШҚ”

Зырянов ауданындағы картоп өңдейтін “Плюс”

Вафли өндіретін “Смик” ЖШС-і

Шұжық бұйымдарын өндіретін “Хорс”

Аягөз қаласында салынған мал соятын және ет өңдейтін “Рауан”

Қатонқарағай ауданындағы “Заготпромторг” ЖШС.

Құрылыс материалдары өнеркәсібі

Құрылыс материалдары өнеркәсібінің құрамында “Силикат”, “Өскемен арматура зауыты”, “Семейцемент зауыты” АҚ-тары, т.б. ірі және орташа қуатты кәсіпорындар жұмыс істейді. Ең ірі кәсіпорындарда құрылыс материалдарын өндірудің жаңа технологиялары енгізілуде.

 

 Ауыл шаруашылығы

Шығыс Қазақстан облысында 1997 жылға дейін ауыл шаруашылығымен әр түрлі саладағы -

 55 ұжымшар

199 кеңшар

57 мемлекеттік

ауыл шаруашылық кәсіпорындар айналысты. Таратылған ұжымшарлар мен кеңшарлар негізінде облыста жаңадан әр нысандағы шаруашылықтар құрылып, олардың саны 15,5 мыңға жетті. Оның ішінде 15,1 мыңы – шаруа қожалықтары. Облыс бойынша 10,48 млн га ауыл шаруашылық жер бар:

 1419,6 мың га егістік

736,1 мың га шабындық

8247,9 мың га жайылым

2005 ж. облыста егіс аумағы 1018,5 мың га-ға жетті, оның 65,4%-ы Бородулиха, Үржар, Шемонаиха, Глубокое және Көкпекті аудандарында орналасқан. Шығыс Қазақстан облысының өсімдік шаруашылық дәнді-бұршақ дақылдарын, картоп, көкөніс, күнбағыс, мал азықтық дақылдар өсіруге маманданған. 2005 ж. шаруашылықтың барлық санаты бойынша (жетті):

 дәнді бұршақ дақылдар егісі 586,4 мың га-ға

картоп 25,7 мың га-ға

көкөніс 9,7 мың га-ға

малазықтық дақылдар 128,3 мың га-ға

күнбағыс егісі 264,6 мың га-ға - бұл бүкіл Қазақстандағы күнбағыс егісінің 58,2%-на тең.

Мал шаруашылығы ірі қара, жылқы, қой мен ешкі, шошқа, құс және ара өсіруге маманданған. 2005 ж. облыста (жетті)

 ірі қара мал саны 734,8 мың (оның 312,1 мыңы сиыр)

жылқы 149,6 мың

қой мен ешкі 1762,7 мың

шошқа 104,3 мың

құс саны 2877,6 мың

Соның негізінде облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттары бойынша

 91,3 мың ет

634,6 мың сүт

3,5 мың т жүн

280,9 млн дана жұмыртқа

өндірілді.

  

Транспорт

Шығыс Қазақстан облысында темір, автомобиль, су және әуе жолы қатынастары дамыған. 2005 ж. облыс бойынша:

 автомобиль жолының ұзындығы 11830 км

темір жолдың ұзындығы 1203 км

су жолының ұзындығы1084 км болды.

Автомобиль және су жолының ұзындығы бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада 1-орынды алады. Темір жол көлігі облыс орталығы Өскемен қаласын Семей, Аягөз, Шемонаиха, Риддер және Алтай қалаларымен байланыстырады. Облысты шетке шығаратын темір жолы тармақтары:

 Семей – Алматы

Семей – Локоть

“Защита” – Локоть

2005 ж. Курчатов – Шар темір жолы салынды, ал оның жалғасы (ұзындығы 150 км) 2007 ж. облыс орталығы Өскемен қаласына дейін жететін болды. Сөйтіп облыста Түркістан – Сібір темір жолымен қиылысатын екінші темір жолы – Курчатов – Шар – Өскемен темір жолы іске қосылатын болады. Автомобиль көлігі автожолдар мен темір жолдар қиылысатын ірі қалалар мен аудан орталықтарында үлкен жол тораптарын жасай отырып, жолаушылар мен жүк тасу жұмыстарын іске асыруда үлкен рөл атқарады.

 Бұл көліктің жұмысы республикалық маңызы бар:

Алматы – Семей

Семей – Павлодар

Семей – Курчатов

Жаңғызтөбе – Өскемен

Георгиевка – Көкпекті – Зайсан

Аягөз – Үржар – Бақты;

облыстық маңызы бар

Аягөз – Баршатас – Қайнар

Семей – Қарауыл – Қайнар

Көкпекті – Самара – Өскемен

Үлкен Нарын – Қатонқарағай – Бергіел

Өскемен – Шемонаиха

Өскемен – Риддер

Өскемен – Алтай

Күршім – Қалжыр

Семей – Қайнар

Автомобильді жолының жиілігі бойынша (әр 1000 км2-ге шаққанда 38,9 км). Шығыс Қазақстан облысы республикада Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарынан кейін 5-орынды алады. Су жолы қатынасы түгелдей Ертіс өзені арқылы іске асырылады. Ертіске автомобиль жолдары келіп түйісетін тұстардағы 15-ке жуық елді мекенде өзен айлақтары жұмыс істейді. Өзен жолы арқылы Шығыс Қазақстан облысы Павлодар облысымен, одан әрі Ресейдің Омбы облысымен қатынасады. Әуе жолы облыс орталығы мен Семей қаласын Астана, Алматы қалаларымен және республиканың басқа облыс орталықтарымен жалғастырады. Шығыс Қазақстан облысы көліктің барлық түрімен жүк тасымалдаудың көлемі бойынша республикада 1-орында, жолаушылар тасымалдаудың көлемі бойынша Алматы қаласы мен Қарағанды облысынан кейін 3-орында келеді. 2005 ж. олардың жалпы көлемі тиісінше 257,1 млн т-ға және 969,7 млн адамға жетті. Жүк және жолаушылар айналымы бойынша да облыс республикада елеулі орындарға ие. 2005 ж. көліктің барлық түрі бойынша жүк айналымы 4904,1 млн тонна-километр, жолаушылар айналымы 7959 млн жолаушы-километр болды.

 

 Білім алу

Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті

2005 ж. Шығыс Қазақстан облысында мектепке дейінгі балалар мекемесі 80-ге, ал ондағы балалар саны 11952-ге жетті; 2005 – 06 оқу жылында оқытудың барлық санаттары бойынша оқушылардың саны 331,5 мың болды.

 230,3 мыңы жалпы білім беретін мектептерде

13,0 мыңы кәсіптік-техникалық мектептер мен лицейлерде

35,4 мыңы колледждерде

52,8 мыңы жоғары оқу орындарында оқыды.

Білім беретін мекемелер

 834 мектептер

39 кәсіптік-техникалық мектептер

43 колледждер

10 жоғары оқу орны

678 орта білім беру мектептер

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында халықты емдеумен 1600 дәрігер, 11560 орта білімді медициналық қызметкерлер айналысады. Әр 10 мың адамға шаққанда тиісінше 38,8 дәрігер және 80,8 медициналық қызметкерден келеді, бұл орта республикалық көрсеткіштен біршама жоғары. Медициналық мекемелері:

 106 аурухана

414 амбулатория мен емханалар

Бұл мекемелерде 113 әйелдер консультациялары, 4 ана босанатын үйлер, 36 медициналық жедел жәрдем стансасылары, 60 дербес стоматологиялық емханалар бар. Қазіргі кезде облыстың ауруханаларында 11347 төсек бар, бұл 10000 адамға шаққанда 79,3 төсектен келеді, ал ауру балаларға 1747 төсек, жүкті және босанатын аналарға 788 төсек жабдықталған.

  

Мәдениет

Драма театрлары:

Шығыс Қазақстан облыстық орыс драма театры (Өскемен)

Ф. Достоевский атындағы Семей мемлекеттік орыс драма театры

276,7 мыңға жуық экспонаты бар 11 мұражайлар:

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың музейі

Облыстық этнографиялық музей

Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнерінің облыстық музейі

Облыстық тарихи өлкетану-музейі

Шығыс Қазақстан көркемөнер музейі.

  

Архитектура

Тарихи және мәдениет ескерткіштерінен Ұлан ауданындағы “Абылайкит” ғибадатханасының ескі қонысы.

16 нысаннан тұратын Семей қаласындағы тарихи-архитектуралық ескерткіштер.

844,8 мың дана кітап қоры бар 267 кітапхана

183 клубтық мекемелер

7 киноқондырғы

34 туристік мекеме

55 қонақ үйлер

 

 Туризм

Шығыс Қазақстан облысының мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін үлкен әлеуеттік мүмкіндіктері бар. ШҚО-ның тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар әлемдік туристік нарықта әлеуетті бәсекеге қабілеттілігін көрсете алатын айырықша табиғи-географиялық, климаттық, бальнеологиялық, мәдени-тарихи ресурстары бар.

 ШҚО туристік саласының дамуына байланысты Алматы мен Астана қалаларынан кейін 3-орынды иеленеді. 2020 жылдарға дейінгі Қазақстан Республикасының туристік саласын дамыту Тұжырымында «Шығыс Қазақстан кластері «Табиғат таңғажайыптары әлемі» және экологиялық туризмді дамыту орталығы ретінде» белгіленетіні жайлы айтылған.

 Шығыс Қазақстан кластеріне ШҚО-ның солтүстік және шығыс бөліктері енеді. Кластердің орталығы кластердің орталығы болады, оған туристік қызығушылық тудыратын 8 басты жер енгізіледі:

 1) «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының нысандары;

 2) Бұқтырма су қоймасы;

 3) Ертіс өзені мен Жайсан көлі;

 4) Катон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;

 5) Қалжыр өткелі;

 6) Риддер-Анатау және Иванов таулары;

 7) Алакөл көлі;

 8) Семей қаласы.

 Қазақстанның халықаралық туризмге енуінің өзіндік болашағы бары белгілі. Біздің әлеуетті нарықтарымыз - Ресей, Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс. Тек Ресей мен Қытаййдың өзі ғана 150 миллионнан астам туристермен қамтамасыз етеді. Бүгінде Қазақстан 52 елмен визасыз режимге көшу жөнінде келісімдер жасалған. Одан басқа «ЭКСПО-2017»-ні өткізуге айындық барысында басқа да көптеген елдермен виза реимін қарапайымдандыру жұмыстары жүргізілуде.

 Солай бола тұра Қазақстан туризмінің бүгінгі даму қарқыны бар әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Әлемде біз жайлы туристік мақсатпен баруға тұратын ел ретінде әлі өте аз біледі. Бірнеше халықаралық жәрмеңкелерге қатысу күтетін әсерге қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр. Туристік саланың дамуының төмен деңгейі елдің туристер үшін жағымды имиджін қалыптастыру мәселесіне қатысты ғылыми зерттеулердің жоқтығымен де тікелей байланысты. Қазақстанда туризм саласында белсенді PR-кампаниялар, имидждік жобалар жасау мәселесі бойынша кешенді және жүйелі талдаулар жүргізетін ғылыми-зерттеу құрылымы жоқ. Елімізде қалалар мен аймақтардың туристік имиджін көтерумен шұғылданатын мықты мемлекеттік-жекеменшік ұйымдар да жоқ. Аналитиктердің айтуынша, «туркомпаниялардың 80 пайызынан астамы қазақстандықтардың шет елдерде демалуын ұйымдастырумен шұғылданады, демек, олар шетелдік турөнімдерді сату-сатып алумен айналысады».


Топ материалдар

Серіктестер