Қызылорда облысы

Қызылорда облысы

Қызылорда облысы 1938 жылдың 15 қаңтар күні құрылған. Қызылорда облысы - Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлік. Қазақстан Респуликасының бірнеше облыстарымен, оның ішінде шығыс және оңтүстік-шығысында Түркістан облысымен, солтүстігінде – Қарағанды облысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен және оңтүстік-батысында Қарақалпақстан Республикасымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Жер аумағы 226 мың км².       Қызылорда облысының құрамына Арал ауданы, Жалағаш ауданы, Жаңақорған ауданы, Қазалы ауданы, Қармақшы ауданы, Сырдария ауданы, Шиелі ауданы және Қызылорда қаласы кіреді.

Табиғаты

Облыс Арал теңізінің шығысында Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Аумақтың негізгі бөлігі Тұран ойпатында орналасқан (биіктігі 50-200 м.)

- облыстың батыс бөлігі Арал теңізімен шектеседі;

- оңтүстік-шығысы мен солтүстік-батысында Қаратаудың тау жоталары мен жазықтығы орналасқан;

- батысында – Қарақұм арал маңы құмдарының төбелері бар.

Сырдарияның сол жақ жағалауында – Жаңадария мен Қуаңдария өзендерінің құрғақ арналары кесіп өтетін Қызылқұм топырағының төбелері мен кең жазықтығы, оң жақ жағалауында үстірттері (Егізқара, 288 м.), құм учаскелері (Арысқұм және өзгелері), сорға толы таяз шұңқырлар кездеседі. Солтүстігінде – құм төбелері массивтері (Кішкентай Барсұқ және Қарақұм топырағы) бар. Оңтүстік-шығыс бөлігінде Қызылорда облысының аумағына Қаратау тауының жоталары кіреді (биіктігі 1419 м-ге дейін).

Аумақтың біршама бөлігі өсімдігі аз топырақтары орналасқан; яғни қатайған жерлерінде жусанды бетегелер, тұзға бейімделген өсімдіктер, көктемде құмдақ және сортаң жерлерде тұрақсыз өсімдіктер сорты; құмдардың арасында дүзгіндер өседі. Құм төбешіктері сексеуіл, жыңғылдар, теріскен, бұйырғандар, жусандармен бекіген.

Климаты – едәуір құрғақ және континентальды.

Қызылорда облысының климаты жазы ұзақ мерзімді ыстық және қары аз қысқа мерзімді суық, күрт өзгермелі континентті. Мұндай климаттық режим еуроазиялық материгінің ішінде орналысуымен, оңтүстік аймаққа жақындығымен, атмосфераның ауысымдылығының ерекшелігімен және өзге де факторлармен сипатталады.


 Флора мен фауна

Облыстың едәуір бөлігін құм басып жатыр. Топырағы қоңыр, құмдақ сұр, сортаң болып келеді. Жусан, бетеге, сексеуіл, жыңғыл, тал, тораңғы, қамыс өседі. Ауыл шаруашылығына қолайлы жер аумағының 12%-ы Сырдария өзенінің жайылмасында, 23%-ы шөлейтте, 65%-ы шөл аймағында орналасқан.

       Жануарлар дүниесінен ақ бөкен, құлан, қарақұйрық, қасқыр, түлкі, қоян, қарсақ, шибөрі, қосаяқ, күзен, сарышұнақ тіршілік етеді. Құстардан бүркіт, қаршыға, қырғауыл, қаз, үйрек, көлдерде балықтың алабұға, сазан, жайын, бекіре түрлері кездеседі.

Тарихы

Облыстың әкімшілік орталығы Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Қызылорда қаласы болып есептеледі. Ақмешіт Қоқан хандығының қамалы ретінде 1817 жылы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы Ташкенттен, Бұхара мен Хиуадан Атбасар арқылы Батыс Сібірге, Торғай арқылы Троицкіге, Орынбор губерниясына баратын керуен жолына салынды. 1818 жылы бекініс өзеннің оң жақ жағалауына көшіріліп, Ақмешіт қаласының іргесі алғаш қорған ретінде қаланды. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы қала Перовск аталып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады.

1921 жылы Сырдария облысының құрамында 7 уезд: Әулиеата, Қазалы, Мырзашөл, Ташкент, Түркістан, Шымкент, Перовск болды.

1922 жылы 12 қазанда Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысымен Перовск уезі Ақмешіт уезі, Перовск қаласы Ақмешіт болып өзгертілді.

       1924 жылғы 12 желтоқсанда Сырдария губерниясы құрылып, орталығы Шымкент болды. Сырдария губерниясының құрамына Қазалы және Қызылорда уездері кірді.

       1925 жылы Қазақстанның жаңа астанасы Ақмешіт Қызылорда болып өзгертілді және 1928 жылға дейін Қызылорда қаласы Қазақ АССР-нің астанасы болды.

       1928 жылы 17 қаңтарда Қазалы, Қызылорда уезі болыстары, Қарсақпай ауданы және Сырдария губерниясының 8 ауданы қосылып Қызылорда округі құрылды. Қызылорда қаласы жаңадан құрылған Қызылорда округінің орталығы болды.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен 1938 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысы құрылды. 


Топ материалдар

Серіктестер