Құтты мекен-Ақтөбе

Құтты мекен-Ақтөбе

Құтты мекен-Ақтөбе

     Ұлан-байтақ Қазақ Елінің барлық өңірлері сияқты Ақтөбе өңірінің де кәрі тарихы өз бастауын есте жоқ ескі замандардан алады. Еуразияның асыл белдігі сияқты Ұлы Даланың орасан зор аймағын қамтитын Ақтөбе жерінің тау-тасы мен өзен-өткелі, көлі мен шөлі, киелі топырағы небір тарихтың, осы құрылықты мекендеген жүздеген ұлттар мен ұлыстардың талайына бұйырып, маңдайына жазылған талай тағдырлардың, небір қанкешулер мен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты дәурендердің куәсі болғанына дау жоқ.

      Бұл өңір атышулы Әбілқайыр ханның, Әйтеке бидің, XV ғасырдың ұлы батыры Қобыландының, Арал мен Әжібай, Алтай мен Алыбай, Бөкенбай мен Есет Көкіұлы, Асау мен Барақ, Жоламан мен Бақтыбай, Көтібар мен оның ұлы Есет, Қарағұл мен Қайдауыл сынды көптеген ел қорғаған батырлардың, ұлы ойшыл Мөңке би, Шернияз, Ақтан, Сары, Саршолақ сияқты ондаған ұлы ақын-жыраулардың, дана күйші Қазанғап бастаған сазгерлердің мекені.

Ақтөбе өңірі әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов пен академик Сақтаған Бәйішевтерден басталатын ондаған ірі ғалымдардың, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргеновтерден басталатын ірі мемлекет қайраткерлерінің, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев бастаған ондаған дарынды ақын-жазушылардың, әйгілі академик Ахмет Жұбанов бастаған сазгерлер мен суретшілердің, өзге де өнер тарландарының атамекені.

Ақтөбе жері әйгілі батыр бабаларының даңқын Ұлы Отан соғысы жылдарында да лайықты түрде жалғастырды. Ақтөбе сол жылдары күллі кеңестік Шығыстан шыққан екі батыр қыздың бірі — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, Кеңес Одағының Батыры Хиуаз Доспанованың есімдерін мақтан етеді. Майданға аттанған 15 мыңға жуық ақтөбеліктер жауынгерлік орден-медальдармен марапатталып, 24 адам Кеңес Одағының батыры, үш адам Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Ақ тарыдан өнім алуда әлемдік рекорд жасаған әйгілі диқан, Ғ.Мұстафиннің «Миллионер» хикаятына, Б.Брехттің «Тары» поэмасына кейіпкер болып, есімі дүние жүзіне танылған ұлы еңбеккер Шығанақ Берсеевтің еңбектегі үлгісі ақтөбеліктердің бүгінгі ұрпақтары үшін асқақ идеалға айналып отыр. Белгілі ғарышкерлер В.М.Пацаев пен Ю.В.Лончаков - Ақтөбе өңірінің түлектері.

Ақтөбе жерінің қойнауында еліміздегі барланған мұнай қорының 10 пайызы, болжанған көмірсутек шикізатының 30 пайызы бар. Қазақстан хромының 100 пайызы да осында. Хром рудалары қоры бойынша облыс әлемде екінші орынды (400 млн.тоннадан астам) иемденсе, мыс рудасының қоры (100 млн. тонна) және мұнайдың өндірістік қоры бойынша республикада үшінші, газ қоры бойынша төртінші орында.

Еліміздегі никельдің 55 пайызы, титанның 40 пайызы, фосфориттердің 34 пайызы, цинктің 4,7 пайызы, мыстың 3,6 пайызы, аллюминийдің 2 пайызы, тас көмірдің 1,4 пайызы Ақтөбе жерінде. Мұндағы жер қойнауында алтын, күміс, кобальт, калий тұздары, асбест, каолин, әйнектік және түсті тастық шикізаттар, табиғи әшекей материалдары, мұнайбитумды кендер, минералды сулар, құрылыс материалдарына қажетті шикізаттар, өзге де табиғи байлықтар бар.

Үлкен аймаққа орналасқан облыстың табиғаты далаға тән көркемдігімен ерекшеленеді. Көне таулар санатындағы ежелгі Мұғалжар—Орал тауларының далаға сіңген сілемдері. Ор, Елек, Қобда, Ойыл, Ырғыз, Жем, Сағыз өзендері мен ұсақ өзендер, ең ірілері мен көркемдері Ырғыз ауданына орналасқан дала көлдері — облыстың негізгі су ресурстары. Ырғыз ауданының жерінде 1967 жылы ұйымдастырылған Торғай мемлекеттік қорығы — облыстың мақтанышы. Ірі көлдер мен өзендер (Торғай, Өлкейек, Телғара, Ырғыз) орналасқан осы аймақта 29 түрлі аң, 30 түрі Қызыл Кітапқа енгізілген 170 құс түрлері бар. Қарғалы, Елек, Қобда аудандарында бұлан, Байғанин, Ойыл жерінде қарақұйрық сияқты аңдар, Ырғыз Шалқар өңірінде киік пен жабайы шошқа кездеседі.

Ақтөбеде бүкіл еліміздің мақтанышы болып отырған Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина Академиясы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекетгік университеті, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты, М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясының, Экономика және статистика академиясының, Орталық Азия университетінің институттары мен филиалдары, С.Бәйішев атындағы университет сияқты ірі жоғарғы оқу орындары, әрқилы мамандықтар бойынша білім беретін 21 колледж, 16 кәсіптік лицей, 474 жалпы білім беретін мектеп, 99 мектепке дейінгі мекеме, 5 арнайы мекеме жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп отыр.

       Денсаулық сақтау саласы жыл сайын жақсарып, халық денсаулығының игі көрсеткіштері көтеріліп келеді. Облыста 251 дербес амбулаториялық-емханалық мекеменің 121-і, 60 аурухананың 41-і мемлекеттің меншігінде. 12 аудандық, 5 туберкулез, 1 қалалық, 12 ауылдық ауруханалар, 113 дәрігерлік амбулаториялар мен 208 медициналық пункттер, 31 шағын медпункттер облыс жұртшылығының денсаулығын сақтаумен айналысып отыр.

       Ақтөбе спортының даңқы да ерекше. Облыс спортшылары 700-ден астам халықаралық, республикалық чемпионаттар мен турнирлерге қатысып, 84 алтын, 200-ден астам күміс, 100-ден астам қола медальдарды жеңіп алған.

       Облыста шығатын өнімнің 94 пайызын аса ірі өнеркәсіп мекемелері — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Казхром» трансұлттық корпорациясына қарасты Дөң кен байыту комбинаты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» ААҚ, «Авиажөндеу зауыты 406 ГА» ААҚ, «Актюбрентген» ААҚ шығарады. Ақтөбе облысының аса ірі кәсіпорындары санатында «Ақтөбеқұрылыс», «Өмірбек», «КБК «Великая стена», «Көктас-Ақтөбе», «Жорға-РД», «ЖАК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де бар. Аталмыш кәсіпорындар өз өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, әлеуметтік, мәдени және рухани салаларда ірі істерді жүзеге асырып жүр.

       Қазіргі Ақтөбе өңірі — күн санап көркейіп, өте күшті қарқынмен дамып, халқының әлеуметтік, мәдени, рухани дәрежесі үздіксіз шарықтап келе жатқан аймақ.


Топ материалдар