Қандастар көші қайтсе қарқын алады?

Қандастар көші қайтсе қарқын алады?

Қазіргі таңда ақпарат айдынындағы өзекті тақырыптың бірі – сыртқы көші-қон мәселесі. Әсіресе, жастарымыздың шетелге қоныс аударуы, brain drain яғни мамандардың жыраққа кетуі жиі көтеріледі.

Қазіргі таңда ақпарат айдынындағы өзекті тақырыптың бірі – сыртқы көші-қон мәселесі. Әсіресе, жастарымыздың шетелге қоныс аударуы, brain drain яғни мамандардың жыраққа кетуі жиі көтеріледі. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың басқа елге кетуі, жырақта жүрген жастарымыздан «айырылып қаламыз» деп уайымдау мәселесіне қатысты өз ойын білдірген-ді.

«Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыз­да­ры­мыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда ел ішінде жас­тар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін», деген еді Мемлекет басшысы.

Сыртқы көші-қон мәселесін депутаттар назардан тыс қал­дыр­ған емес. Мысалы, сенатор Айгүл Қапбарова депутаттық сауал­дарының бірінде Қазақстаннан ше­телге тұрақты тұруға кете­тін­дердің 43,8 пайызын 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар құрайтынын хабарлаған-ды.

Биылғы сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында депутат Алек­сандр Милютин Қазақ­станнан кетіп жатқан жоғары бі­лім­ді мамандар мәселесіне тоқ­талды.

Оның айтуынша, шетелге кет­кен­дердің арасында елге оралатындары сирек. «Егер бір жыл бұрын эми­грант­тар­дың жалпы статистикасында жоғары білікті мамандардың үлесі 50,6 пайызды құраса, 2020 жылы пандемия мен қозғалыс шектеулеріне қарамастан, бұл көрсеткіш 54,3 пайыз­ға жетті. Бұл ретте Қазақстаннан 2019 жыл­ға қарағанда үш есе көп медици­на қызметкері, 4 есе көп педагог, 5 есе көп техникалық маман кетті. Сон­дай-ақ ауқымы жағынан қазір елден жастардың кетуі көбейді», деді А.Милютин.

Ұлттық статистика бюросының (Бұ­­рынғы Статистика комитеті) дерек­те­­ріне қарағанда, 2020 жылы Қазақ­стан­­ның 29 мың азаматы шетел асқан. Мә­ліметке көз жүгіртсек, коронавирус пандемиясының сыртқы көші-қонға әсер еткені анық байқалады. Мәселен, 2019 жылы елден кеткендер саны 45 мыңға жеткен. Ал одан бір жыл бұрын 41 мың адам бақытын іздеп жыраққа бағыт алды.

Осы орайда айта кетерлігі, 2012 жылға дейін «тоғызыншы террито­рия­ға» келгендер саны елден кеткен­дер­ден артық болатын. Содан кейін сыртқы көші-қонның айырмасы кері кете бастады. Мысалы, 2013 жылы кел­гендерден кеткендер 279-ға артық болса, былтыр бұл көрсеткіш 17 мың­нан асты.

Рас, мұның бәрі алаңдататын деректер. Осындайда «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз ойға оралады. Бірақ Ұлттық статистика бю­ро­­сының мәліметтеріне тереңірек үңіл­сек, таяқтың екі ұшы бар екені тағы да еске түседі.

Бірінші мәселе, жыраққа кеткен­дер­дің басым бөлігі, яғни 25 747 адам ТМД елдеріне қоныс аударған. Соның ішінде көршілес Ресейге табан тіре­гендердің қарасы мол. Былтыр олар­дың саны 25 126-ға жеткен. Ал алыс ше­телге қоныс аударған 3 341 адамның ба­сым бөлігі Германияны таңдаған (2 249).

Сыртқы миграцияның этностық құрамына назар аударсақ, көпшілігі тарихи отанына оралып жатқаны аңғарылады. Мәселен, былтыр шетел асқандардың 20 мыңы орыс этностық тобының өкіл­де­рі. Олар түгелге жуық ТМД елдерін таңдаған. Сондай-ақ ата­жұр­тына кеткен не­містер (2 480) мен украиндардың (2 094) қарасы қалың.

Әрине, басқа этностар да Қазақстан азаматы екені сөзсіз. Баршасының құ­қы­ғы қорғалып, тең дәрежеде жағдай жа­салуы тиіс. Бірақ елімізде өніп-өсіп, өз отаныма ораламын деген адамның аяғын тұсап ұстай алмайтынымыз тағы белгілі. Олардың бұл таңдауына құр­мет­пен қарауымыз керек.

Айтпақшы, 2019 жылы Мәжілісте өт­кен Үкімет сағатында да осы мәселе кө­те­рілген болатын. Сол кездегі Қоғам­дық даму министрі Дархан Кәле­та­ев жас мамандардың шетелдерге кетіп жат­қа­нына алаңдаудың реті жоқ еке­ніне тоқ­тал­ды.

«Мамандардың кетуі – әлемдік тенденция. Мұны Қазақстан ғана бастан өткеріп жатқан жоқ... Егер шетелге кетіп жатқандардың ұлттық құ­ра­мына қарасақ, олардың басым бөлі­гі басқа этнос өкілдері. Жалпы ал­ғанда бұл табиғи нәрсе. Адамдар шық­қан жерін, түп-тамырын іздейді. Бұл қа­лып­ты жағдай. Сондықтан бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ», деген еді Д.Кәлетаев.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланған «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақа­­ласында айтылған ойға жүгінудің реті келіп тұр. «Жырақта жүрген жас­та­рымыздан айырылып қаламыз деп уа­йым­­даудың жөні жоқ. Біздің мін­де­тіміз – олардың бойына мемле­кет­шілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қыз­мет етуге жұмылдыру. Мысалы, әлем­нің ең да­мы­ған елдерінде өз кәсіп­терін бас­та­ған және алпауыт ком­па­ния­лар­да жұмыс істеп жүрген азамат­та­ры­мыз­дың осындағы замандас­та­ры­мен байланысын нығайтып, тәлім­гер­лік етуіне жағдай жасауымыз керек».

Екінші мәселе, сыртқы көші-қон айырмашылығының кері кетуіне шетел асқандардың күрт көбеюі емес, алыс­тан атажұрт аңсап келген қан­дас­тардың азаюы әсер етіп отыр. Бы­л­тыр шетелге 1 309 қазақ арман қуып аттанса, атажұртты аңсап келгендер саны 5 529-ға жеткен. Өкініштісі, кейінгі жылдары қан­дастарымыздың елге келуі бәсең­деп қалды. Салыстырып қарасақ, 2010 жылы 29 мың адам атажұртына оралған еді.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ара­ласуымен жүзеге асқан ұлы көш бас­тал­ғалы елімізге 1 млн-нан астам қан­дасымыз келді. Алайда соңғы жы­л­дары көші-қон тым баяулап, кедергі көбейіп тұр. 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, оның саны 100 еседей азайып кеткен. 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мыңнан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1 426 адамға ғана квота бөлді.

Қандастар көшінің бәсеңдеп қал­ға­­нына алаңдап жүргендердің бірі – сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Был­тыр көші-қон туралы заң қабылданғаны белгілі. Осы құжатты жо­ғарғы палатада талқылау ке­зін­де депутат бірқатар мәліметтің ұшын шығарды. Мұрат Бақтиярұлы кел­тір­ген деректерге сүйенсек, шетелдерде 7 млн қазақ тұрады екен. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 млн ха­лық­тың 38 пайызын құрайды. «Де­мог­ра­фиялық аспектіде үлкен әлеует болатын осы ресурстарды дұрыс пайдаланып жатырмыз ба?! Өкінішке қарай, жоқ деп ойлаймын. Ол үшін Қазақстан Үкіметі көші-қон жөнінде бүгінгі заман талабына сай жаңа құжат дайындап, соған орай нақты іс-шараларды қолға алуы тиіс.

Сырт жерлердегі сан миллион аға­йындарымыздың атамекенге түп­кі­лікті келемін деген ыстық ықы­ла­сын суытып алмай, сағынышы мен сүйіс­пен­ші­лігіне сызат түсірмей, қазақ кө­шін қайта жаңғыртуымыз керек. Өйткені Қазақстан – шеттегі қан­дас­та­ры­мыз­дың жалғыз рухани Отаны.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың 2017 жылы Дүние жүзі қазақ­­тарының V құрылтайында «Қайда жүр­сең де қазақтың Отаны біреу ғана, ол – Қазақстан» деген болатын және Тұңғыш Президенттің тікелей тапсыр­ма­сымен құрылған «Отандастар қоры» тапсырмасына сәйкес жүргізілген әлеу­мет­тік сауалдамалардың нәти­же­сінде Қазақстанға шетелден 1,5 млн этностық қазақ тұрақты қо­ныс аударғысы келеді. Солай бола тұра соңғы 8 жылда сырттан келетін қандастарымыздың легі жылына небәрі 10 мың адамды ғана қамтыды», деді сенатор.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса­ның пікірінше, қандастар көшінің баяу­лауының бір себебі – Көші-қон агент­тігінің жойылып, миграциямен айна­лысу әр министрлікке, квотаға ұсы­ны­с жасау әр облыс әкімшілігіне бе­рілгенінде жатыр. Депутат әкім­дер ше­­­телдегі қандастарымызды орна­лас­тыру­дың қиындығынан қаша­тын­дықтан, шақыртуға аса ниетті емес деп есептейді. «Атырау мен Батыс Қа­зақстан облыстары 2017-2021 жыл­дары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған. Ол об­лыс­тар­ға еліміздің стратегиялық мақ­саты – халқымыздың санын қандас­та­ры­мызбен көбейтудің қажеті бол­ма­ға­ны ма?», дейді депутат.

Қ.Иса қандастарымыздың аза­мат­тық алу мәселесінде де бір­қатар қиындық бар екенін айтады. Мәселен, шетелден келгендер «қандас» мәртебесін иелену үшін бірнеше құжат жинауы қажет. Шетелдегі қан­дас­тар­дың Қазақстанға келуі үшін тағы бір кедергі – олардың мұнда тікелей туы­сы болуы керек.

Жалпы, елімізде қандастар көшін жеңілдету жұмыстары атқарылып жатыр. Мәселен, 2019 жылы көші-қон заң­на­масына тиісті өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізілді. Президент қол қойған құжат биылдан бастап қол­да­нысқа енді.

Заңда Қазақстанға келген этностық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау қа­рас­тырылған. Бұған дейін этностық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фак­тісін растауға тиіс еді. Бірақ 1991 жыл­дан кейін дүниеге келген этностық қа­зақтар мұндай құжаттарды көрсете алмайды. Сондықтан этностық қазақ­тың бұрын Қазақстан азаматы бол­мағаны басты критерий ретінде қарас­ты­рылады.

Сонымен қатар қандас бауыр­ла­­ры­­мызға қолайлы жағдай жасау ­үшін өткізі­ле­тін құжаттардың тізбесі қай­талануына байланысты қандастардың тұрақты түрде тұруға рұқсат алуға және Қазақстан аза­мат­­ты­ғын алуға құжат­тар­ды бір мез­гіл­де беру мүмкіндігі қарас­ты­рылды.

Иә, brain drain – әлемдік құбылыс. Ма­мандардың шетелге кетуіне, жа­ла­қы­сы жоғары жұмыс, жайлы жер із­д­еуіне тоқтау салу қиын. Бірақ ста­тис­ти­калық деректерге тереңі­рек үңілсек, Қазақстандағы ахуал­дың соншалықты қауіпті емесін байқай­мыз. Ендеше, қа­зір­гі таңда басты мәселе – «қой үс­ті­не бозторғай жұмырт­қалайтын» ме­кен із­деп жүрген қазақс­тандықтар емес, атамекенін аңсап жүрген қандастар көшінің саябырсуы болып тұр.

Дереккөз: https://egemen.kz/article/294958-qandastar-koshi-qaytse-qarqyn-alady

Серіктестер