Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпен өмір өткізгенше - малды не жерден сұрау керек, не маңдай терден сұрау керек. 

Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.

Ер - артық сұраса да азға разы болады, ез - аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас. 

Жаманмен салысып жақсы болмайсың.

Баланың мал табары болады, мал шашары болады. 

Тіл жүректің айтқанына көнсе - жалған шықпайды.

Ауруды жаратқан құдай, бірақ ауыртқан құдай емес.

Надан ел - қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады.

Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады.

Мал - жұтайды, өнер - жұтамайды.

ОН ЕКІНШІ СӨЗ 26 қыркүйек, 1892

ОН ЕКІНШІ СӨЗ

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес, бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.

Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

Абай Құнанбайұлы

пікір (0)

image

Пікір қалдыру

image