Атырау қаласы

Атырау қаласы

Атырау – Еуропа мен Азия құрлықтарының шекарасындағы әсем қала. Қаланың негізі 1640 жылы қаланып, ертеде «Жайық тас қалашығы», «Үйшік» аталған, кейін қаланы салуға қаржысын шығарған көпес Гурьев есімі Ресей әкімшілігінің шешімімен берілген. 1938 ж. Гурьев облысы деген атымен құрылған. 1991 жылға дейін қала Гурьев деп аталды. Кейін Атырауға ауыстырылып, теңіз жағасындағы қала Қазақстанның ірі қалаларының біріне айналды. Өзіндік қалалық таңбасы бар. Қала Каспий маңы ойпатын ала Жайықтың қос жағалауында орналасқан. Атырау қаласы солтүстігінде Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Ақтөбе облысымен, оңтүстік-шығысында Маңғыстау облысымен және батысында Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Сондай-ақ оңтүстік шекаралары Каспий теңізіне келіп тіреледі.

Атырау қаласы салынғаннан кейін балық шаруашылығы мен мұнай өндіру саласы қарқынды дами бастады. Уақыт өте келе бұл салалар қаланың ғана емес, күллі елдің ірі салаларына айналды. Атырау қаласында республика бойынша тұңғыш рет мұнай тазарту, мұнай өндіруге қажетті құрал-саймандар шығару, балық консервілеу сияқты зауыттар тұрғызылып, іске қосылды.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін Атырау қаласының дәл орталығынан ағып өтетін және қаланы екі құрлыққа: Еуропа мен Азияға бөлетін Жайық өзені бойынша экскурсиялық теплоходпен серуендеу мүмкіндігі қарастырылған. 

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Каспий теңізінің жағалауында Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін құстардың бірегей түрлері бар және мұнда әуесқойлық спорттық балық аулауға рұқсат етілген, бұл туристер үшін аса қызығушылық тудырады.

Жазғы кезеңде қала қонақтары «арқан парктері», «құзға шығу», «жылқы мен түйемен серуендеу» түрінде ойын-сауық қызметтері ұсынылатын, Жайық өзенінің жағалауындағы турбазаларға бара алады. 

Өңірде Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген 7 тарихи ескерткіш бар (Махамбет ауданы: «Сарайшық» мемориалдық кешені; Жылыой ауданы: Ақмешіт қорымы, Құлшан ата жерасты мешіті, Аралтөбе қорғаны, Иманқара кешені, Ұшқан ата қорымы; Индер ауданы: Махамбет Өтемісұлы мазары).

Өңірдің ең перспективалыі туристік нысандарының бірі — Ұлы Жібек жолының солтүстік бөлігіндегі ежелгі «Сарайшық» қалашығы. Туристер мен саяхаттаушылар әдетте осы нысанға аса қызығушылық танытады. Сонымен қатар Индер ауданында тұзды көлдің болуы да осы жерде сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік береді.


Атырау қаласының заманауи сәулетінің Қазақстанның өзге қалаларынан еш айырмашылығы жоқ. Қаланың басты көрікті мекені - XIX ғасырда салынған Православ шіркеуі. Бұл шіркеу Атырау қаласында тұрғызылған алғашқы ғимарат. Жайық өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер көпірі қаланың мақтанышына айналған. Бұл көпір Әлемдік Рекордтар кітабына енген.


Облыс аумағындағы ірі өзендер: Жайық (жалпы ұзыны 2428 км), Жем (712 км), Сағыз (511 км), Ойыл (800 км). Облыстағы ірі көл — Индер (110,5 ш.м.).

Облыста 2 қала, 7 аудан, 11 кент, 183 ауылдық елді мекендер орналасқан.



Топ материалдар

Серіктестер