Абай мерекесі – Ұлт мерекесі!

Абай мерекесі – Ұлт мерекесі!

Руханиятымызға тағы бір қастерлі күн қосылды. Үкіметіміз 10 тамызды «Абай күні» деп арнайы Қаулы қабылдады. Бұл ойшыл, дана ұлтымыздың Бас ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуымен сәйкес келуі халықтың қолдауын тауып отыр.

Қазақстан ХХІ ғасыр биігінде Абай армандаған мұраттарды толықтай жүзеге асырды деп мақтанышпен айта алады.

Абай ұлтымыздың жазба әдебиетін қалыптастырушы, қазақтың Бас ақыны ғана емес, бас ұстазы да.

Әр заманның өз Абайы бар. Өйткені, әр ұрпақ өз дүниетанымын Абай жырынан, Абай ілімінен табады. Осылай өз халқына адал қызмет істейтін, Ұлттық сана мен Ұлттық рухқа толы ұл-қыз болып қалыптасады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген ақын аманаты әр жастың жүрегіне ой салып келеді.

Кез келген қоғамдық құрылыстың өз таңбасы болады. Абай да «соқтықпалы, соқпақсыз» жерде өсті, «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп өз күйінішін айтып кетті.

Абай мұрасы-халық мұрасы.

Абай жылы басталысымен Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында ұлы бабамыздың туғанына 175 жыл толуына орай көптеген мақалалар шығып жатыр. Бұдан Абай Құнанбайұлының таусылмас ұлттық қазына екенін білеміз.

Біріншіден, Абай - ұлы ақын. Ол поэзияға жаңа өлшем, жаңа ырғақ алып келді. Ауыз әдебиетінің шекпенінен шығарып, жаңа Еуропалық әдебиеттің негіздерін енгізді.

Абай өлеңге жаңа талап қойды және оны қалыптастырды.

Патша Құдай, сыйындым,

Тура баста өзіңе, - деп ақын өзінің адами ақиқат жолын таңдайды. Сонымен бірге Абай - өлеңнің ұлы миссиясын анықтайды.

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Міне, ақынның поэзияға деген талабы да, құдіреті де осы.

Сөз-киелі. Абай сөзді пір тұтады. Және «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп өлеңді ұлт мұратына жарату мақсатын қояды.

Абай Ұлттық ойды байытты, әрі дамытты.

Екіншіден, Абай ұлы ағартушы және Ұлттың бірінші ұстазы. Өйткені Абай білім, ғылым арқылы ғана қоғамды, адамды, заманды түзеуге болады деген берік ойға келді. «Толық адам» концепциясын ұсынды. Оны математикалық өлшемге салды.

Единица – жақсысы.

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?

Міне, ақындық философия осы. Тарихты тұлғалар жасайды. Абай – осындай ұлы, тарихи тұлға. Единица.

Абай өлеңінсіз, Абай ойынсыз, Абайдың өмір сүру концепциясынсыз біз өркениетке жете алмаймыз. Президент Қ.К. Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаладағы ой-байламдары осы ұлылықты ұғынуға жол ашады.

Президенттің «Абай - рухани реформатор» атты жаңа мақаласы Абайтанудың жаңа концепциясына айналды.

Ұлы Абайды тану, одан тағылым алу процессі жүріп жатыр. Жалғаса береді де. Оған күмән жоқ.

Қазақстанның шетелдегі елшіліктері жанынан «Абай үйлері» ашылып жатыр. Әрине, құптарлық іс.

«Абай үйлері» тек қана науқандық сипат алмаса екен деп тілеймін. Бір бұрышқа стенд қойып, Абайдың суретін іліп, екі-үш кітапты қойып, осыны қанағат тұтпасақ екен.

Абайды тану үшін ақын үйінде кездесулер өтіп, баяндамалар жасалып, ақын өлеңдері оқылып тұрса қандай жақсы болар еді?!

Абай тілін – қазақ тілін үйрену үйірмелері жұмыс істесе нұр үстіне нұр емес пе?

Абай – ұлттың мәңгілік коды, мәңгілік шамшырағы.

Абай күні құтты болсын, ағайын!

Бақытжан Жұмағұлов,

ҚР Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі.

Abai.kz

Топ материалдар

Серіктестер