Сабақ басы

Сабақ басы

Тілашар тойынан кейін бала сабаққа, яғни медресеге, барған. Әр ата-ана молдаға өз балаларын аманат етіп тапсырған: «Молдеке, баламның сүйегі менікі, еті сенікі».

Бұл - білім, тәрбие алу жолында қандай ауырлық жұмыс болса да, істет, үйрет деген сөз. «Сабақ басы» деп, молдаға теңге, мал ұсынған. Шындығында, ол кезде молданың тәртібі қатаң болған. Ол дүре соғуға да, басқа да жаза қолдануға ерікті. Ондайда жазаланған баласы үшін молдаға ешқандай өкпе, реніш білдірмеген. Керісінше, әр ата-ана баласынан молданың (ұстаздың) талабын сөзсіз орындауды, оған бағынуды талап еткен.

Өткен ғасырларда билігі бар кісілер өз ауылдарында бір-бір молда немесе сауатты адамдар ұстап, балаларын оқытқан. Олар кезінде араб тілін, дінтану, сонымен бірге есеп, тілтану, география тағы басқа пәндерді де оқытып, қазақ балаларының сауатын ашқан. Ондай оқуларды тіл сындыру деп те атаған.

Ауқатты адамдар жеке мектептер ашқан. Сондай мектеп ашқаны үшін Науан хазірет (Наурызбай Таласов), Бейіс молда, Шәймерден Қосшығұлов (ол 1906 жылы Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болған), тағы басқа адамдарды патша өкіметі қуғынға ұшыратқан. Ондағы мақсатты бағынышты халықтарды қараңғылықта, түнекте, білімсіздікте ұстау болатын.

Gruppe Materialien

Серіктестер